Бейсенбі, 21 Қаңтар 2016 14:22

Мұсылманның тұтқасы – имандылық

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхамедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын).

«Мүмін болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол» – деп Абай атамыз айтқандай, әрбір адам мұсылман атануы үшін ең алдымен иманды болуы қажет. Иман дегеніміз – Аллаға, періштелерге, кітаптарына, пайғамбарларға, тағдырға және өлгеннен кейін қайта тірілетін күнге сену болып табылады. Осы имандылық негіздерін бойына сіңіре білген адам ғана шынайы бақытқа қол жеткізе алады. Себебі, мұсылман адам бұл сенімдері арқылы өмірдің түпкі мәнін ұғынып, жақсы мен жаманды айыра біледі. Жақсы мен жаман деп отырғанымыз Алла Тағаланың Ислам дінінде бұйырған амалдары мен тыйым салған нәрселерін қамтиды.

 

Жалпы адам баласы тәннен және жаннан тұратындығы белгілі. Тәніміз ішіп-жеу, ұйқы секілді қажеттіліктермен өсіп, дамитын болса, ал кез-келген иманды адамның жаны Алла Тағала бұйырған құлшылықтарды орындау арқылы кемелдене түседі. Иман мен құлшылық амалдар бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Алла Тағала Құранда иман мен амалды ешқашан айырмаған. Бұған Құрандағы мына аяттар дәлел болады. Алла Тағала былай дейді: «Расында, шынайы иман келтіріп, ізгі амал істегендер жаратылғандардың жақсысы» – десе, мына бір аятта: «Ей, Мұхаммед, иман келтіріп, ізгі амал істегендерді астарынан өзендер ағатын бау-бақшалы жәннаттармен сүйіншіле» – деп баян еткен. Иә, кез-келген мұсылман өзінің имандылығын тек жақсы істерді жасаумен дәлелдей алады. Исламды терең түсінген қазақ атамыз «Әрбір ақылдыға – иман парыз, әрбір имандыға – ғибадат парыз» – деп текке айтпаған болса керек. Мен мұсылманмын деп үлкенге құрмет, кішіге ізет қылмаса, өзгеге жақсылық жасаудың орнына зұлымдық істесе, ондай мұсылманның иманында бір шикіліктің бары ақиқат. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Шын мұсылман өзгеге тілімен де, денесімен де  зиян тигізбейтін адам» – деп баян еткен.

Бүгінгі қоғамда болып жатқан жаға ұстатарлық жағдайлар шаш етектен. Атап айтқанда, ата-аналарымыз қартайғанда қарттар үйін паналауы, тастанды балалардың көбеюі, сондай-ақ, өзіне-өзі қол жұмсау секілді жан түршігерлік жағдайлардың бәрі бір ғана имансыздықтың кесірі. Ислам дінінде ата-анаға жақсылық жасау – Аллаға құлшылық жасаудан кейінгі тұрған амалдардың бірі. Тіпті оларға «уф» деп айтуға шариғат тиым салады. Аллаға шүкір деп айтайық, бүгінгі таңда көгінде көк туы желбіреген тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл күнге жетуіміз кешегі батагөй бабаларымыздың дұғасының жетістігі деп білеміз. Еліміздің барлық өңірлерінде мешіттер ашылып, азандар айтылып, Исламның барлық парыздары орындалып жатқан заманда иманымызға берік болайық, ағайын. Алла Тағала басымызға береке, халқымызға амандық, елімізге тыныштық нәсіп еткей. Әмин!

С.ТӨРЕҚҰЛОВ,

ауданның бас имамы.

Қаралды 1150 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Ата-анаға борыштымыз Мүбәрәк мереке »
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама