Күнтізбе

« Сәуір 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Серіктестер

 

Жарнама

Дәулет ШОҚПАРОВ: «Таразда ұмыт қалған дәстүрімізді дәріптейміз»

8-10 қазанда Таразда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы бүгінде әлемнің назарын аударып отыр. Тарихи күнді атап өтуге қолда бар мәлімет бойынша 23 млрд теңге бөлінген мемлекет қоржынынан. Оған түрлі спорттық, мәдени шаралар қолға алынбақ. Оның ішінде театрландырылған қойылымдар, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, ««Керей мен Жәнібек», «Қазақ елі» спектакльдері, «Қазақ хандығы» балеті, 10 сериялы тарихи-драмалық «Қазақ елі» телехикаясы түсірілді. Мерейлі күнге ауданымыздан Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер мұражайы аттанып кетті. Тамашалауға емес, өзіндік қолөнерлерімен жұртты таңдандыруға. Жолға дайындық кезінде мұражай директоры Дәулет Шоқпаровпен жолығып, аз-кем әңгімелескен едік.

 

– Құрметті Дәулет Дәркембайұлы, әлемнің назарын аударған осынау тарихи күнге дайындықтарыңыз қалай?

– Дайындық өте жақсы. Шыны керек, мұндай күн күнде келмейді. Сондықтан оған дайындықты біз жыл басынан бастағанбыз.

– Көрерменді қалай таңдандырасыздар?

– Осы күнге дейін қаншама қолөнер шеберлерінің форум-фестивальдерінде болдық. Өз елімізде де, шетелде де. Алайда, 95 пайызы тек қару-жарақ, ертоқым, басқа де темірден әзірленетін бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып жүр. Тері бұйымдары да жоқ емес. Тек теріден жасалған ыдыс-аяқ бұйымдары өте аз. Жоқтың қасы десек те болады. Сондықтан біз бұл тарихи күнге теріден жасалған ыдыс-аяқтарды апарамыз. Айталық, көнек, торсық, қауға тағы басқа дегендей... Қауға деген қазіргі шелек. Мұның айырмашылығы, кезінде аналарымыз жылқы, түйені осы қауғаға сауған. Себебі, темір шелектен қаңғырлаған дыбыс шығады. Ал ол дауыстан малдың сүті тартылып қалады. Міне, осындай жайттарды да жіті назарда ұстаған дана қазақ. Қысқасы, бүгінде ұмытылып қалған ата-дәстүрімізді жаңғырту бағытында жұмыс жасаймыз.

– Арнайы киіз үй беріледі ғой сіздерге?

– Иә, үлкен киіз үйді ұлттық нақышта безендіреміз. Ішінде дайын қолөнер бұйымдарын көрме ретінде ұйымдастырсақ, киіз үйдің сыртында ұсталық, зергерлік сағаттарын өткіземіз. Ондағы мақсатымыз біреу ғана: қолөнерді насихаттау, дәріптеу.

– Біріккен Араб әмірліктерінде өтетін халық-аралық фестивальге де барады деп естіген едік?

– Иә, Абудами деген біріккен Араб әмірліктерінде қолөнер шеберлері арасында 40 күндік фестиваль өткелі жатыр Қазақ хандығының 550 жылдығына, Конституция мен Ассамблеяның 20 жылдығына орай. Соған Алматы облысының, тіпті еліміздің атынан Ринат екеуміз жол тартамыз. Оған жалпы Қазақстанның түпкір-түпкірінен 40 шебер барады.

– Ендеше, сіздерге тек сәт сапар тілейміз!

Әңгімелескен Қайнар ЖҰМАҒОЖА.