Күнтізбе

« Наурыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Серіктестер

 

Жарнама

Қорам батыр

Қазақ қазақ болғалы Жәнібек пен Керей хан көтерген шаңырақ Кенесары ханға дейін этникалық даралық, мемлекеттік дербестік үшін күресті. Одан кейін де ел тәуелсіздігі жолында қазақ халқы «мың өліп, мың тірілді». Қазақтың ұлан байтақ жеріне қызықпаған, көз тікпеген көрші елдер жоқ  шығар. «Тар жол, тайғақ кешудің» талайына төтеп берген қазақ тарихы өткен күндердің айнасы емес пе?Екі ғасырға созылған қазақ-жоңғар арасындағы қан қасап соғыс Жоңғар  хандығының жер бетінен жойылып кетуімен аяқталды. Жаралы арыстандай  қансырап, әбден титықтаған қазақтың жеріне айналадан анталап, сұғын  қадаған елдер  шығыста ауызынан от шашқан айдаһардай алпауыт Қытай, оңтүстікте қорқау қасқырдай азу тісін ақситқан Бұхар, Хиуа, Қоқан, батыста Еділ қалмақтары мен башқұрттарды айдап салып, артын аңдыған аюдай алып Ресей – бәрі де Қазақ хандығының әлсірегенін өте жақсы білетін.

 

Осындай  ұрымтал шақта олар жан-жақтан  қарпып, жөні келсе қармап қалуға тырысты. Оңтайлы одақтастықты пайдаланған Ресей империясы болса, қазақ еліне  отаршылдық   саясатын әскери тұрғыда бекіністер салып, казактарды қазақ  жеріне орналастыру, ішкі тірлікке тікелей араласу арқылы үстемдігін  жүргізді. Ол аз болғандай, жау жағадан алғанда, бөрі балаққа жармасқанның  кебін  киген, Алатаудың екі  жағында егіз қозыдай өмір сүрген қырғыз  ағайындар да алауыздық танытты. Оның үстіне орыстың лақтырған майлы  сүйегіне семірген итіндей, жергілікті байлар мен қырғыз манаптарының  сатқындығы қазақтың соңғы ханы Кенесарыға қастандық жасаумен  аяқталды. Мұндай ахуал қазақ халқының  ұдайы отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарға еріксіз итермеледі. Ешкімге соқтықпай жай жатқан, тайраңдағанды тәубесіне келтіріп, жай отындай жайпаған қазақ халқы қашанда тұс-тұстан тізе батырғандарға Отан қорғаудың ерен үлгісін көрсетті. Қайсар қазақтың елін, жерін қорғаған батыр ұл-қыздары тарихта танымал тұлғаларға айналды. Сондай тұлғалардың бірі – Қорам батыр.

Қорам Сарымырзаұлы жайлы бірнеше мақала жарияланғанымен, оның өмір сүрген кезеңі дұрыс жазылмай жүр. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөлге сапары күнделігінде» анықтап: «Қаратұрықтан Шелекке қарай жүретін жолда, сол жақта сулы сай бар, ол бір батырдың моласы бойынша – Қорам деп аталады» - деп жазған дерек бар. Сол сулы сайды бұрын «Сарықамыс» деп атайтын. Кейін батырдың құрметімен сол жердегі елді мекен Қорам ауылы аталып кетті. Батырдың төртінші ұрпағы – шөпшегі Қырғызбай Сүтемгенов марқұм «Бабалар соқпағы» атты кітабында Қорамды 1831 жылы туып, 1907 жылы қайтыс болғанын жазады. Ондағы мақсаты – Қытай жақтан ұйғыр диаспорларының Қазақстанға қоныс аударуымен, Қорам каналының қазылуымен байланыстырып жазу себеп болған сияқты. Ал үш ұрпақты бір ғасыр деп есептегенде, шөпшегі Қырғызбай қария 1942 жылғы. Олай болса, Қорам 1831 жылғы емес, ХҮІІІ ғасырдың аяғы, яғни, 1790-ы жылдармен шамалаған жөн. «Жетісу» энциклопедиясында да солай жазылып кеткен. Шоқан дерегіне мән беріп, зерттеп жазу керек еді. Тарих – халықтың айнасы. Оны жаңсақ жұққан «дақтардан» тазалау – уақыт талабы. Ш.Уәлихановтың көзбен көріп, жазып кеткен дерегіне және нақты шежіреге сүйенсек, Қорам батыр шамамен 1791 жылы дүниеге келіп, 1856 жылға дейінгі аралықта өмір сүрген. Оған дәлелді шежіреден ізделік.

Албанның Сарысынан тарайтын Әлмерек абыз Жаншықұлы 1658 жылы туып, 1754 жылы қайтыс болғаны белгілі. Әлмерек бабаның бірінші әйелінен – Жәнібек, Құрман, Баба, Тоқан, екіншісінен – Қаракісі, Жұмық, тоқалынан – Еділ мен Жайық тараған. («Бабалар соқпағы» 32-бет, А.-2003ж). Жұмықты шамамен 1690 жылы өмірге келді дегеннің өзінде, оның жалғыз ұлы Бекбау батыр 1711 жылы туылған. Оған автордың: «Жоңғар шапқыншылығы  басталғанда Бекбау жаңадан ат жалын тартып мінген жас еді» - деп жазғаны дәлел  (сонда 15- бет). М.Тоқашбаев та  «Малыбай батыр, оның ата-бабасы мен ұрпақтары» атты мақаласында да, Бекбаудың туған кезі шамамен 1711 жыл» деп жазған («Еңбекшіқазақ» № 36,  02.09. 2011ж). Жоңғарлардың  тұтқиылдан шабуыл жасаған әйгілі «Ақтабан шұбырынды» атанған 1723 жылы  Бекбау он-он екі  жастағы  бала  болған. Бекбау батыр 1747жылы «Ойрантөбе» аталып кеткен Көкпек жазығындағы соғыста ерекше ерлік көрсеткен. Алайда, оның төрт баласы бірдей жас албырттықпен қалмақ тобына кіріп кетіп, мерт болады. («Б.с». 53-бет). Кіндігінен 9 ұл тараған Бекбаудың денесі Асысаға жазығындағы Сақ қорғандарының жанына жерленген. Қай жылы қаза болғаны белгісіз. М.Тоқашбаев өз мақаласында: «Бекбау қалмақтармен шайқаста шамамен 1730-1740 жылдары арасында қайтыс болған» - деп қате жазған. («Еңбекшіқазақ» аудандық газеті №36, 02.09.2011ж.). Ойлап қараған адамға 9 бала сүйген батыр қалай 20-25 жасында қайтыс болады? Тарихи тұлғалар туралы жазғанда көбінесе оның өмір сүрген жылына аса мән берілмей, жаңсақтыққа жол берілуде. Бекбаудың 9 ұлының бесіншісі Сатанды шамамен 1746, одан туған тұңғыш ұл Сарымырзаны 1769 жылғы десек, оның жалғыз ұлы Қорам 1791 жылғы  болмай ма? 1942 жылы  дүниеге келген Қырғызбай  қария өз  кітабында 1932 жылы  ашаршылықтан әбден  азып-тозған, жан сақтау үшін Қытай асуға  бекінген адамдардың түрін көрген әкесі туралы: «Ешқашан жүрегі шайылып  көрмеген 25 жастағы алпамсадай жігіт Сатқожа сескеніп, сасқанынан аңырап тұрып  қалды» - деп  жазады. Сол жылы Сатқожа 25 жаста  болса, онда ол 1907 жылы  туылған  болып  шықпай ма?

Қорам жастайынан Қордай жақтағы нағашы атасы Кененбайдың қолында  тәрбиеленгені, түйелердің қасынан өтіп бара жатқанда, өзіне тап берген  бураның жағын айырып және Іле өзені бойында қалың қамыс ішінде  жолбарыспен жекпе-жек  алысып, қылқындырып өлтіргені, тоған қазғанда кедергі  болған тай тасты итеріп, сайға домалатқаны, оның алып күш иесі  болғанын дәлелдесе керек. Ал  қырғыздың Торғай деген батырымен жекпе-жек  шығып, найзамен түйреп түсіргені үлкен бір аста емес, шайқаста болса  керек-ті. Өйткені, аста балуандар белдеседі, ат үстінде күш сынасып, бірін-бірі аударып түсіреді. Ал батыр деген атақ ұрыстарда ерлігімен көзге  түскендерге беріледі. Қазақ пен қырғыз арасында да жиі қақтығыс болғаны  тарихтан белгілі. Туыстас халық арасында жиі қақтығыс бола берген соң, әйгілі Жайыл қырғынында атақты Абылай ханның ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретіп, қазақ  пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға  дейін шекара тартып бергені бұған дәлел. Бұл факті Астанадан 2001жылы «KULTEGIN» бас-пасынан басылып шыққан «Елтұтқа» кітабының 168-бетінде жазылған. Қырғыздардың 1900 жылға дейін Шілік (қазіргі Шелек) өңірін де қазақтармен араласып жүргенде, орман болып өскен шілікті  қырғыздар баулап қойған сияқты топталып өскендіктен «бауағаш» деп атайтынын Шоқан Уәлихановтың жазып кеткені, сонымен  қатар Кетпен тауының теріскейіндегі қырғыздар  қоныстанған сай «Қырғызсай» деп аталатыны, бұл сөздің  дәлелі емес пе?

Патша әскерінің қысымымен 1846 жылы Орта жүзден Ұлы жүз  қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болған Кенесары хан қырғыз  манаптарына қоқандыққа қарсы бірігіп соғысуға ұсыныс жасайды. Алайда Орман мен Жантай бастаған манаптар оның ұсынысын қолдамай, оған қарсы  соғысатынын орыстың генерал-губернаторы Капцевичке хабарлап, көмек  сұрайды. («Елтұтқа» 195-б.)  Бәлкім,  Кенесары бастаған көтеріліске  қосылған Дулат тайпасының Ботбай     руынан шыққан Сыпатай Әлібекұлының  әскерінің қатарында Қорам батыр да болуы мүмкін. Алайда, Сыпатай 1847 жылғы Кенесары хан қайтыс болатын шайқасқа әлдебір себептермен  қатыспай, 14 мың  әскерін алып кеткені тарихтан белгілі. Қорам осындай  орыс отаршыларымен, қырғыздармен болған қақтығыстарда ерлігімен көзге  түсіп, батыр атанғаны шындық. Кейін Сарықамысқа келіп, тоған қаздырып (қазіргі Қорам каналы емес), егіншілікпен айналысады. Осында өз ажалымен  қайтыс болады. Елі  батырға құрмет көрсетіп, ауылды Қорам деп атап кетеді. 1850-1860 жылдары Әлмеректің ұрпақтары өрге қарай көшеді. Өйткені, Кетпен, Кеген, Нарынқол өңірі мал өсіруге қолайлы болатын. Әйтсе де Еңбекшіқазақ ауданындағы бірнеше елді мекен Әлмерек абыздың ұрпақтары – Қаракісіден тарайтын Лабар (Лавар ауылы) Атамқұл, Балтабай, Жәнібектің Байсейіт, Қараның Малыбай, Киікбай, Жұмықтың Қорам атымен аталады. Сондай-ақ, Қаражота селолық округіндегі «Бабатоған» қыстауы Бабаның, ал Қара ерлікпен қаза болған сай «Қарасай» деп аталады. Қазіргі Бәйдібек би, бұрынғы Маловод-ное ауылы кезінде «Атамқұл» деп аталған. Киікбай елді мекенінің қазір ескі жұрттың естелігі болып орыны ғана қалды. Мұны тәптіштеп жазып отырған себебіміз, жұрт біліп жүрсін деген ой.

Ерін елі ешқашан ұмытпақ емес, ұмытпайды да. Қорам батырды да елі құрметтеп, ауылға, мектепке атын берді. «Қорам кім?» дегенде оның шынайы өмірі мен ерлігінен кейінгі ұрпақ тәлім-тәрбие алып, бойына патриоттық игі қасиетті сіңіріп өссін деген ниет. Өйткені, ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран. 

Анарбек Бердібаев,

Қазақстан журналистер

одағының мүшесі.