Күнтізбе

« Сәуір 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Серіктестер

 

Жарнама

Махаббаттан бал жұтам деп...

Махаббат – сезімдердің ең ұлысы. Бұл сезімнің құдірет-тілігі сонда, біреуді бақытқа жетелесе, біреуді қайғыға душар етеді. Осынау, махаббат дейтін сезімге нәзіктік пен адалдық, іңкәрлік пен сүйіс-пеншілік тән болса, ескіру мен тозығы жету жат нәрселер. Махаббат тууы бар, өркендеп өсіп-өнуі жоқ көзге көрінбей мәңгілік өмір сүруге ие жалғыз сезім. Оны суреттеу де, сөзбен жеткізу де мүмкін емес. Махаббатты тілсіз дейтініміз осыдан да шығар, бәлкім. Сондай-ақ, хакім Абай айтпақшы, «Махаббатсыз дүние бос». Расында да, бей махаббат бес күндік фәнидің еш мәні де, қызығы да жоқ. Құдды ғашықтықтан бастау алған осы бір сезімсіз қапасқа түскен құс тәрізді құрсауда қалып, қайдағы-жайдағы жымысқы ойлардың ортасында күй кешіп, дегбіріміз қашып, балауса өміріміздің шуақты сәттері бір мезетте тауысылып қалғандай күй кешетініміз баршамызға аян. Адамның көңілін жеңілдетер, жанын жібітер пәк сезімнің қашанда құндылығы жойылған емес. Сондық-тан да шынайы махаббат иелерінің іңкәр сезімдері мәңгілік мадаққа ие.

 

Бұрынғы мен кешегі, бүгінгі мен ертеңгі жастарға ішіңде қазандай қайнап, жаныңды қоярға жер таптырмай жатқан сыр сезімнің адалдығы махаббаттағы маңызды мүдде екендігіне дәлел – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ынтызарлықтан туып, мәңгілік өмірге бірге аттанған махаббаттары. Екеуінің іңкәр сезімдерінің баспалдағы дүрбелең дүниеге енді ғана келген шағынан-ақ басталған сыңайлы. Сондай-ақ, бұл екеуінің махаббаттарына себепші, Қарабай мен Сарыбайдың белдері бесікке енді ғана енгелі отырған жас сәбилердің болашақта бірге күн кешуін қалап, уәделесіп, бел құда атануы. Шыр етіп, жарық дүние есігін ашқан Қозы мен Баянның тағдырлары осы сәттен-ақ байланыста болды. Әлі өздігінен тамақтанып, жүріп-тұруды, бір ауыз сөз сөйлеуді білмейтін балалардың болашақтарын қос тараптың ата-аналары жоспарлап, сәбилері үшін шешім қабылдап қойған еді. Қос ғашықтың сезімдері бір-бірін көріп, өзара тілдесуден туған жоқ. Мүмкін, махаббаттары бесіктен-ақ жанданған шығар. Олар буырқанып, арнасынан асып-тасып, жаңа ғана тіс жарып жатқан пәк сезімдерінен сыр білдірген жоқ. Осылайша, Сарыбайдың  ұлы мен Қарабайдың сұлу қызының махаббаттары күннен-күнге көркейе түсті. Алайда, Сарыбайдың жоқтығы бұл екеуінің тілсіз де кіршіксіз сезімдеріне селкеу келтірді. Шын махаббат иелерінің қиялдан құралып, іспен жүзеге асырылуы тиіс болашақтарына бір күнде балта шабылды. Қара жүрек иесі Қарабай көрікті қызын әкесіз жетімге беруден бас тартып, берік уәдесін бұзумен көңілінің тарлығын, қара жүректігін дәлелдеді. Сұлу қызының Көрпешке деген сезімінің шынайылығын көкірегі соқыр әке, әсте көрген жоқ. Байлыққа шырмауықша байланып қалған әке  жалғыз қызын Қодар атты балуан жігітке тұрмысқа бермектің қамына кірісті. Сұлу Баян әкесінің бұл шешіміне көніп, белдеспей беріле салған жоқ. Ол өз махаббаты үшін күресе білді.  Өзгемен өз өмірін елестете алмайтын сұлу бұл қиындыққа төзбей, сүйгенімен қашуды жөн көрді. Әке сөзінен аттап, қашып кету Баянға да оңай соққан жоқ. Әйтсе де өмірлік сыңарым деп есептеп жүрген махаббатымен бірге өмір сүрудің осыдан өзге жолы болған жоқ. Әке қарғысы қыздың бақытты болуына тұсау болды. Қанішер Қодардың қолынан Қозы атты сүйген жанынан мәңгіге айырылды. Батыл да батыр Баян сүйгенінің алдындағы соңғы борышын өтеп, ғашығының түбіне жеткен, зұлым Қодардан Көрпеште кеткен кегін алып, сүйгенінің мазарында жан тәсілім етті. Осылайша, олардың махаббат хикаясы мәңгілік мұраға айналды.

Грузин ақыны Шота Руставели: «Ешбір махаббат өз ажалымен өлген жоқ... Өлтірді, өлтіріп жатыр, өлтіреді де...» – деген екен. Қозы менен Баян арасындағы махаббаттың түбіне де өзгелер жетті. Алайда, бұл өмірде құрбан болған сезімдер келер өмірде жалғасын тапты деп ойлаймын... Бір минутқа кідірмей, сынаптай сырғып өтетін өмірде тілі мен түрі, болмысы мен ұстанымы бөлек жандарды махаббаттың басты статусына айналдырмай, өзіміздің Қозы мен Баяндай, Төлеген мен Жібектей, Кебек пен Еңліктей махаббат иелерін барынша насихаттап, үлгі тұтқанымыз жөн. Сонда ғана зор тазалық пен адалдықты талап ететін нәзік сезімнің шыңына сүйгеніңізбен бірге шыға аласыз.

Зина ЕРЛЕНОВА.