Күнтізбе

« Мамыр 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Серіктестер

 

Жарнама

Қаһарман Ғұмыр

Баланы анасынан, дананы даласынан айырған, миллиондаған адамның өмірін жалмаған, ең жаман сөз – соғыс шығар. Әлемге орны толмайтын қайғы-қасірет төндіретін сұм соғыс қанша адамның көз жасын көл қылды. Сол зұлмат күндерді басынан өткерген, Отан үшін отқа түсіп қан кешкен батырдың бірі Жылқыбай Тәжіқұлов. Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы атанған ардагер атамыз бүгінде Есік қаласының тұрғыны. Жақында тоқсанның төртеуіне келген ақсақалдың үйіне бас сұғып, хал-жағдайын біліп қайтқан болатынбыз.

 

«Мен 1923 жылы Өзбекстан рес-публикасы, Бұхара облысы, Тамды ауданында өмірге келдім» – деп бас-тады әңгімесін Жылқыбай ақсақал.  Ата-анасынан ерте айырылған ол жас-тайынан жетім өседі. 1933 жылдан бастап Беруни ауданындағы «Естемес» балалар үйінде тәрбиеленеді. 1938 жылы Бұхарадағы «Мал дәрігерлік» техникумына түсіп, 1941 жылы оқуын аяқтайды. Беруни ауданында өз мамандығымен жұмыс істеп жүргенінде 1941 жылы әскерге шақырылады. Саратов облысының Пугачев қаласында азаматтық борышын өтеп, кіші командир курсын бітірген шағында соғысқа аттанады. Қан майданда Жылқыбай атамыз өзінің батырлығымен, зеректігімен, қол бастай білетін қабілетімен алда жүрген. 100-ші жеке атқыштар бригадасында барлаушылар батальонының командирі болады. Сонымен қатар, Калинин қаласы мен Украина жерін азат етуге қатысқан. Атамыздың есте қалар ерен ерліктері аз емес. Атап өтсек, 1943 жылы түнгі уақытта барлауда жүргенде пулеметте отырған неміс жауынгерін жалғыз өзі тұтқындап, оны сырт киіміне орап, әскери бөлімге дейін көтеріп әкелген. Осы және басқа да батыл істері үшін «Красная звезда», «За отвагу», «За Боевые заслуги» сынды көптеген ордендермен марапатталған.  Отан үшін от кешіп жүрген шақта қазақтың батыр қызы Мәншүк Маметовамен 16 күн бір полкте болған. «Тарихта аты қалған, батырлықтың аруы  Мәншүк – ақылына көркі сай, ержүрек қыз еді. Невель өзенінің жағасында оқ тиіп, өмірден озды» –  деп есіне алып қояды ардагер. «Бірде түн жарымында барлауда жүріп, ескі окопқа түсіп барлаушы неміспен айқасып мойын омыртқасын сындырып жіберіппін. Жан-жақтан гранаталар жарылып жатты. Бүкіл денеме, оң көзіме грната ұшқындары (осколка) тиіп, госпитальға түстім» – деп, сұрапыл соғыстан шеккен зардабын баяндаған ақсақал бейбіт күннің қадірін білуге шақырды. 1944 жылы граната ұшқындары тиген Жылқыбай Тәжіқұловтың екі көзі көрмей, оң қолы тартылып жаралануына байланысты еліне оралады. Кейіннен, ауыл шаруашылығында мал дәрігері болып 1967 жылға дейін жұмыс атқарған. 1967-1989 жылдар аралығында май заводында қойма меңгерушісі болып қызмет істейді. 1989 жылдан бастап зейнетке шығады. Зейнет жасында да қарап жатпай игі істердің басында жүрген. 1990-1995 жылдар аралығында «Мүгедек жандар қоғамы» цехында бас меңгеруші қызметін атқарған және осы қоғамның негізін қалаған. 2011 жылы өзінің тарихи Отаны Қазақ жеріне қоныс аударып, Есік қаласына тұрақтайды.

1948 жылы Майгүл Аралбаеваға үйленіп 1 ұл мен 6 қызды өмірге әкеліп, оларды тәлімді тәрбиемен өсіреді. Анамыз 2011 жылдың жазында дүние салған. Атамыз осы күнде 7 баласынан 19 немере, 24 шөбере сүйіп отыр. Отанына сыйлы ардагер, отбасында ақылшы ақсақал өз сөзінде:  «Елімізді көркейтіп келе жатқан Елбасымыз ардагерлерді ардақтауды ұмытқан емес. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойының қарсаңында маған 2 бөлмелі пәтер табысталды» – деп үнемі қолдан келген көмектерін аямайтын облыс және аудан басшыларына ризашылығын білдірді. Сөз соңында ардагер жастардың болашағына қатты алаңдайтынын айтты «Бағалай білмегеннен бақ қашады, қуана білмегенге құт қонбайды. Жастар осынау бейбіт заманның қадірін біліп жүрсе екен, біздің көргенімізді жастар көрмесе екен» – деген тілегін жеткізді.

Ринат НАРХАНОВ.