Күнтізбе

« Мамыр 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Серіктестер

 

Жарнама

Жақсымен өткен бірер сәт

Жастар тәрбиесі ешқашан күн тәртбінен түскен емес. Жастар – еліміздің болашағын жарқын етер тұлға болғандықтан, оларды сапалы біліммен ғана сусындату жеткіліксіз. Жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, тәрбиесін дұрыс жолға қою да басты міндет. Бұл турасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінде бүкіл қазақстандықтарды ортақ құндылықтар – жасампаз еңбек, татулық пен келісім, халық бірлігі, Отан үшін мақтаныш, оның ұлы тағдырына қатыстылық біріктіреді. Біздің жас ұрпақ мұны өмір бойы есте сақтауы тиіс» – деген болатын. Осы орайда жақында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері Ассоциациясының төрағасы, ақын-жазушы Бақытбек Смағұлмен кездесу өтті. Ауған соғысының ардагері Әсет Алжанбайдың ұйымдастыруымен, колледж директоры Гүлнар Жошыбаеваның қолдауымен өткізілген шараға алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары, колледж студенттері мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

 

Шараның басында жиылған қонақтар Бақытбек Смағұл жайлы түсірілген «Мен көрген соғыс» атты деректі фильмді тамашалап, Ауған соғысында болған сұрапыл шайқастарға қатысқан ардагерлердің өмірімен танысты. Қан майданнан оралмаған жерлестеріміз туралы естеліктерді тыңдап, көздеріне жас алды. Кездесудің шымылдығы колледж студенттерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен түрілді. Талантты жастар тамылжыта ән салып, мың бұрала би биледі. Оқушылар Бақытбек Смағұлдың өлеңдерінен үзінді оқып, көпшіліктің жүрегін тебірентті.

Кейіннен Гүлнар Жошыбаева сөз сөйлеп, жастардың тәрбиесін үнемі бірінші орынға қойып жүрген мәжілісмен Бақытбек Смағұлға алғысын жеткізді. Сондай-ақ, кездесудің құрметті қонағы, ҚР Қарулы күштерінің запастағы полковнигі Серік Шалов жиынға қатысушыларға тағылымды әңгімесін айтып,  Бақытбек Смағұлдың тырнақалды туындысын оқып берді. Жиынды Әсет Алжанбай жүргізіп отырды.

Ар алдында ант еттім,

Ауғанда жүріп қан төктім.

Тағдырымды тәлкі еттім,

Қаншама уақыт сарп еттім.

 

Мінезіменен еркектің,

Қаншама рет тер төктім.

Қаншама рет адастым,

Арасын білмей жер көктің.

 

Анамның аппақ төсінен,

Ақуыз ішіп өсіп ем.

Ар азығын алғасын,

Санамнан қалай өшірем – деп, өз өмірін жырлаған Бақытбек Смағұл жүрегінен жастарға арналған жыр шумақтарын ақтарып, көпшіліктің кеудесіне патриоттық сезім ұялатты. Отырыстың кейінгі бөлімі жастар мен мәжілісмен арасындағы сұрақ-жауапқа ұласты. Р.Тоқатаев атындағы орта мектептің оқушысы Айбек Құламанның: «Ауған соғысында жаулармен бетпе-бет кездескенде қандай сезімде болдыңыз?» – деген сұрағына мәжілісмен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сұхбатынан мысал келтірді:

– Өздеріңіз білесіздер, батыр қолбасшы Бауыржан Момышұлының мінезі тік болғандықтан, екінің бірі ол кісіден сұхбат ала алмаған.  Бірде жас журналист Бауыржан Момышұлына келіп, «Соғыста қорықтыңыз ба?» – деп, сұрағын төтесінен қойыпты. Сонда Баукең әлгі тілшіге пышақ ала ұмтылған екен. Қорыққанынан үстелдің астына тығылған журналистке Бауыржан ағамыз қарап тұрып «Қалай, қорықтың ба?» – депті. Сол секілді, анадан батыр болып туған ешкім жоқ. Сондықтан, алғашында үрей болды. Алайда, жанымыздағы жауынгерлермен бір-бірімізге жігер беріп, қорқынышты жеңдік. Соның арқасында елге аман-есен оралдық – деді Бақытбек Смағұл. Сондай ақ, Ауған соғысының ардагерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің жайын сұраған Наргиз Сулеймановаға ардагер мемлекет қолдан келгенше көмегін аямайтындығын айтты. Десек те, көмекке зәру ардагерлеріміз де жетіп-артылатындығын жеткізді. Бірақ, олар осындай бейбітшілік заманға шүкіршілік етіп, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне көптеп көңіл бөледі.

Көзінде оты бар жастармен әңгіме қызған тұста Бақытбек Смағұл өзінің балалық шағынан сыр шертті:

– Қызылорда облысының Қазалы ауданының шаңына аунап өскен баланың бірімін. Әке-шешем ерте өмірден озды. Алайда, мен өзімнің бауырларымның арқасында жалғызсырамадым. Отбасымызда он жеті ағайындымыз. Солармен тай-құлындай тебісіп өстік. Алайда, жетімдіктің де кермек дәмін татқан күндеріміз болды.

Ата-анамыз тірі кезде бізде бәрі жақсы болатын. Менің балалық шағымда лайдың иін қандырып кірпіш басатын. Ол өте берік, қатты әрі оңайлықпен сынбайды. Әкем ұста болғандықтан, балшықтан маған көлік жасап бергені есімде. Ойыншығымның салмағы кемінде бес келіні құрайды. Сонда да, таңның атысынан, күн батқанға дейін балшықтан жасалған көлігіме арқан байлап, сүйреп жүретінмін. Осы сәттер менің бақытты кездерім болатын. Біз өздерің секілді компьютер, түрлі ойыншықтар мен тәттілерді көрген жоқпыз бала кезде. Алайда, сол күндерді үнемі сағынышпен еске аламыз – деген Бақытбек Смағұл жиылғандарға қолда бардың қадірін білу керектігін ескертті.

Бейбіт күнде жастарға әскерден қашпай, Отан алдындағы парызын өтеу керектігін айтқан мәжілісмен өзінің әскерде, яғни, Ауған жерінде жүргенде қаншама рет жау қоршауында қалып қойғандығын есіне алды. Айтуынша, сол сәттер мен Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері қатарында әскери борыш өтеуді салыстыруға келмейді. Сонымен қатар, мен көрген сұрапыл шайқасты жас қазақстандықтар көрмесін деген ол соғыс болмау үшін бәріміз бір-бірімізбен тату-тәтті күн кешіп, жүрекке патриоттық сезім ұялату керектігін айтты. Расында да, соғыс көрген ардагерлеріміздің бар тілері – заманның тыныштығы. Ал сол тыныштықтың сақшысы болашақ жастар. Сондықтан ел келешегін ұстар азаматтарымыз білімді, отансүйгіш әрі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі тиіс. Осының барлығы туралы сөз қозғаған Бақытбек Смағұлға оқушылар мен студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

 

Сардарбек НҰРАДИН.