Күнтізбе

« Сәуір 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Серіктестер

 

Жарнама

Үшқоңыр хан түлеткен бақ көгінде, Тоғыз аудан тоғысты ақ төріңде!

«...Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» – деп қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқан екен. Рас, мәдениет тұтас бір ұлттың өмірі мен тарихынан көрініс беретін баға жетпес құндылық. Сондықтан болар, «Мәдениеті дамымаған ел – мешеу қалады» деген бабаларымыз. Көк Туымызды да әлем алдында спортымыз бен мәдениетіміз арқылы желбіретіп, өзге елдерге өзімізді мойындата аламыз. Ежелден мәдениет пен салт-дәстүрдің дамуына ерекше көңіл бөлген қазақ халқы бүгінде осы ұстанымынан тайған емес.

 


Үшқоңыр Алатаудың қойнауында,

Әкемнің ізі қалған жайлауында.

Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп,

Арқарлар жайылатын аймағында – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев жырға қосқан Қарасай ауданының төрінде, алып Алатаудың баурайындағы Үшқоңыр жерінде «Өрісің өркендесін, Қазақстан» атты Алматы облысы аудандары мен қалаларының мәдениет күндері өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы ауқымды шараның алдыңғы жылдардағыдан ерекшелігі – оған Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек, Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл, Балқаш аудандары мен Қапшағай қаласы сынды 9 өңір қатысты.

Екі күнге созылған шараның алғашқы күні қонақтар Қаскелең қаласындағы көрнекі орындарды,

тарихи ескерткіштер мен мұражайларды аралап, ақын-жазушылармен кездесті. Сонымен қатар, жұртшылыққа қайырымдылық концерттер мен тақырыптық шаралар ұсынылды. Ал түстен кейін Үшқоңыр ауылдық мәдениет үйінде халық театрлары Оразхан Бодықовтың «Қайтарылған кек», Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» драмасын және Әділхан Қабыловтың «Ұр, тоқпақ» ертегісін қойып, көрермендердің ризашылығына бөленді.

Екінші күні Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батыр жауынгерлер  мен ұлы тұлғалардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еткен облыс әкімі Амандық Баталов пен қонақтар «Ақсу форель» шаруашылық алаңында орналасқан көрмелерге ат басын бұрды. Өңір басшысына әр аймақ өз мәдениетінің асылдарын көрсетіп, этно-мәдени өмірімен таныстырды. Ал Еңбекшіқазақ ауданының көрмесін аралаған Амандық Ғаббасұлы алдымен архитектор, қазақ ұлттық өнерінің шебері Құрман Қазы Қадырдың ұлттық дәстүрге байланысты философиялық туындыларын тамашалады. Ұлттық өнердің қыр-сырын меңгерген қолөнершінің философиялық туындылары облыс әкімінің қызығушылығын тудырды. Ал Нұра ауылдық жасөспірімдер спорт мектебінің бүркітшілері мен тазы салушылар қазақы дәстүрдің өшпейтіндігін айғақтады. Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер мұражайы да тың     туындыларымен келіпті мәдени шараға. Ұстаның қолынан шыққан бұйымдарды тамашалаған Амандық Ғаббасұлы мұражай директоры Дәулет Шоқпаров пен қызметкерлеріне алғыс айтып, өнерлеріне оң бағасын берді.

Кейіннен Амандық Баталов аудан делегацияларымен кездесу өткізді. Жиын барысында аймақ мәдениетіндегі жетістіктер мен қолдаулар жайында айтып өтті. Айтуынша, өңірдегі мәдениет саласының бюджеті биылғы жылы 616 млн теңгені құраған. Облыс аумағындағы 561 мәдениет нысандарында 2700-ге жуық адам қызмет етеді. Халықтық атағы бар ұжымдардың саны да артып, бүгінде 88-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, «Түрксой» ұйымының ұйымдастыруымен Түркия елінде ұймдастырылған Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған шаралардың өткенін де тілге тиек етті:

– Бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай Жамбыл атындағы облыстық филармонияның алдында Сүйінбай бабамыздың ескерткішін аштық – дей келе өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы да баяндады облыс басшысы:

– Елбасы аудандардың экономикалық өсімге қосатын үлесінің арасындағы алшақтықты жою туралы міндет жүктеген еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында облыста елеулі жұмыстар атқарып жатырмыз. Оған өздеріңіз де үлес қосып келесіздер. Аудандарға жасаған жұмыс сапарымда қант қызылшасын өсіру мен оны тиімді өңдеу, астық жинау, мал тұқымын асылдандыруға бағытталған  игі істерді көрдім. Алдағы уақытта аудандарға көрсетілетін қолдаулар әрі қарай да жалғаса беретін болады. Облысымыз ірі мегаполиспен көршілес жатқандықтан біздің экономикамыз да біте қайнасқан. Біз ауылшаруашылық өнімдерін өндірсек, алматылықтар оны тұтынады. Бүгін Алматы қаласына 115 млн теңгеге 280 тонна өнім әкеліп сатудамыз.

Елбасының өзі өткен жылы облыстағы қызылша өндірісінің мешеулеп қалғанын сынға алған болатын. Қазіргі таңда шаруаларымыз білек сыбана іске кіріскен. Жұмысы тоқтап қалған Көксу зауыты бізге 80 мың тонна қызылша әкелсеңіздер жұмыс істейміз деген. Ал біз оларға 120 мың тонна қант қызылшасын жөнелтіп, 12 мың тонна қант өндіреміз. Демек, шетелден келетін қантты тұтынуды тоқтатып, өз өнімімізді пайдаланатын боламыз.

Білім беру саласына да баса назар аударудамыз. Бүгінде өңірімізде 15 мектеп ашылып, жыл соңына дейін тағы 4-еуін іске қосамыз деп жоспарлаудамыз – деп әр саланы жекелей қамтыған Амандық Баталов аудан мен қалаларда атқарылатын келелі істерге тоқталып өтті. Сонымен қатар, кездесуде әр аудан өкілдері мәдениет күндерінің маңызы жайлы ой-пікірлерін ортаға салды. Ауданымыздағы мәдениет қызметкерлерінің атынан сөз алған «Жібек жолы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі Нариза Шаяхметова:

– Құрметті, Амандық Ғаббас-ұлы! Бүгінде ауданымызда 40 мәдениет ордасы халық игілігіне қызмет етуде. Онда 138 адам тұрақты еңбек етеді. Өз сөзіңізде айтқандай, бүгінде мәдениет саласына үлкен көңіл бөлінуде. «Мәдениет – ұлттың бет бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады» – деген болатын Елбасы бір сөзінде. Біз, мәдениет қызметкерлері, алдағы уақытта ел мәдениетінің дамуы жолында аянбай еңбек ететін боламыз – деді.

Жиын соңында облыс басшысы аудан мен қала әкімдеріне дыбыскүшейткіш аппаратураларының сертификаттарын табыс етті.

Алаңда өткен концерттік бағдарламада әр аймақ тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұрды. Көрініс қойды. Ән айтып, би биледі. Ауданымыз да мәдени тыныс-тіршілігімізді осылайша көрсетті. Алдымен қазақтың қасиетті қара домбырасымен күй тартылып, қобыздың қоңыр үні құлақ құрышын қандырды. Кейіннен, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұйымдастырылған Есім ханның монологі көрерменді тарих қойнауына апарып, кешегі мен бүгінгі қазақ даласын бейнеледі. «Улыбка» хылықтық би ұжымы, «Картал», «Бахар», «Сәнәм», «Ясмин» би топтары мен этно-мәдени бірлестіктердің орындаған «Халықтар достығы» биі аудан аумағындағы 54 ұлт пен ұлыстың тату-тәтті өмірінен хабардар етті. Әсіресе, қазақтың «Қамажайын» өздерінің сарынында орындап, оған «Лезгинка» биін билеген «Картал» би тобы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бағдарлама соңында Руслан Мамытовтың «Тәуелсіздік тұғыры» әні мен Серік Абаевтың «Еңбекшіқазақ ауданым» атты әні орындалып, жиылғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концерттік бағдарлама барысында басқа да аудандардың қойған көріністері талайдың таңдайын қақтырды. Тіпті, көздеріне жас алып, орындарынан тұрып қошеметтегендері де болды. Айталық, Жамбыл ауданының ұйымдастырған концертінде сонау сақ патшайымы Томирис пен ғұндардың көсемі Еділ патшадан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихтағы елеулі оқиғалар мен тұлғаларды суреттеді. Кешегі өткен хандар мен батырлар, елі үшін еміренген алаш көсемдері сөз сөйлеп, «Желтоқан желі» әні шырқалып, алаңда шулаған жастардың дауысы көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймады. Соңында Елбасының кейпіне енген адамның «Қазағым менің» әнін шырқағанда, ал оның айналасын ел болашағы болған бүлдіршіндер қоршап, мата қиықтарынан көк Туымызды құрағанда, тіпті, облыс әкімі мен құрметті қонақтар орындарынан тұрып қол соқты.

Айта кетейік, бірнеше аймақтың басын бір арнаға тоғыстыратын дәстүрлі шараның биыл 10 жылдық мерейтойы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен жыр алыбы Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығымен тұспа-тұс келген мәдениет күндерінің мерейтойы облыс халқына есте қаларлықтай әсер сыйлады. Сол күні таңнан бастап Жетісу жерінде нұр себелеп тұрды. Ал, дәл ауқымды шараның басталар сәтінде жаңбыр тыйылып, Алатаудың салқын самалы тербетті. Ерке қыздың мінезіндей болған Алматының тосын ауа-райы қатысушылар мен қонақтардың демалысына кедергі келтірмеді.  Керісінше, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сардарбек НҰРАДИН.