Күнтізбе

« Мамыр 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Серіктестер

 

Жарнама

Біріккен істе береке бар

Әлемде тіршілік жанданып, көктем келді. Ендігі мәселе күл-қоқыстан тазарту керек аула, көше, көк белдерді. Әрине, бұл тек әкімдік қызметкерлерінің ғана міндеті емес, Сіз бен біздің ұйымдаса атқаратын ісіміз. Ол үшін жұмылуымыз керек үлкеніміз-кішіміз. Бұл – ортақ міндет. Сол секілді терроризм мен экстремизмнің алдын алу да баршаның қолында. Елбасының биылғы Жолдауын, биыл тұңғыш рет тойланған ауылдық округ күнінің мәнін түсіндіру және өзге де бірқатар мәселелер бойынша Есік қаласы әкімі аппараты ғимаратының мәжіліс залында қоғамдық келісім кеңестерінің отырысы өтті. Жиынды қала әкімі Бауыржан Бименов жүргізіп отырды.

 

Әңгімеміздің әліппесінде айтқанымыздай, аудан орталығының тазалығы әлі де болса ақсап тұр. Қала сыртын айтпағанның өзінде орталық көшелері қатты қалдықтардың «отанына» айналып кеткен. Мәселен, М.Әуезов атындағы көшенің бойы, базардың айналасы... Тізіп айтсақ, таң атыруға болады. Енді «қой» дейтін қожамыз қайда? Бұл турасында: – Осы уақытқа дейін болмайды деп басынан сыйпадық. Алайда, тәртіп түзелмеді. Енді нақты шаралар қолданатын боламыз, – дейді Бауыржан Мыныханұлы. Қандай шара? Әкім мырзаның айтуынша, әрбір жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын күл-қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпкерлермен келісім-шартқа отыру керек. Бұл – бір. Екіншіден, қатты қалдықтарды салатын контейнер алу да міндеттеледі бәріне. Егер осы міндеттер орындалмаған жағдайда, бірінші ескерту, екінші – айыппұл салынады. Мөлшері де жоғары: жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), заңды тұлғаларға 40 АЕК көлемінде. – Есік қаласында 6000-ға жуық аула, 107 көпқабатты үйлер бар. олардың қазір жартысына жетпейтіні ғана «Бақыт и К» жеке кәсіпкерлігімен келісім-шарт жасасқан. Қалғаны қоқыстарын қайда төгіп жатыр? Мәселе осында боп тұр. Сондықтан үшіншіден, қазір Есік қаласының бірқатар жерлерінде жасырын бақылау камераларын орнаттық. Енді оған қоғамдық тәртіпті бұзып түскен азаматтарды тек жауапкершілікке тартып қана қоймай, БАҚ құралдары арқылы жариялайтын боламыз. Қоғамдық тәртіпті күшейтпесек, екі ғасырлық тарихы бар қаламыз қоқыс алаңына айналып кетеді, – деп ойын жеткізді қала әкімі.

Ал төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қала тұрғындарынан аулаларының алдындағы арықтарды тазалау-ды сұрады. Себебі, былтырғы Есік қаласының жоғарғы бөлігінде болған төтенше жағдай да осының салдарынан орын алған. Сонымен қатар бұндай қоғамдық маңызы бар жұмыстарға мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік субьектілері де тартылатынын жеткізді әкім: – Ұйымдаса білген ұтады. Қала бәрімізге ортақ. Сондықтан мақсат-мүддеміз де бір. Ендеше, Сіздерді осы істерді атқаруда бірлікті болуға, ынтымақты болуға шақырамын.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы жайын-да да кеңінен түсінік берді әкім. Оның айтуынша, Есік қаласының өзінде  24 мыңнан астам еңбекке жарамды тұрғындар бар. Оның небәрі 7-8 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Осы көрсеткішті барынша өсіріп, тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту шараларын күшейту жайында да жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиын соңында терроризм мен экстремизмнің алдын алу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту және шығыс халықтарының жаңа жылы саналатын 22 наурызды мерекелеу бойынша өзара пікір алмасты кеңес мүшелері.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.