Күнтізбе

« Мамыр 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Серіктестер

 

Жарнама

«Орта толады, толы шайқалады. Ешқашан болдым, толдым деме»

«Саусағы Алатаудың еменіндей,

Жотасы Қаратаудың кемеріндей.

Жүзінен шаттық, қайғы

        білінбейді,

Тұп-тұнық Қараөткелдің

тереңіндей…»

Қарға тамырлы қазақтың бағына біткен осындай жанашыр азамат Болатжан НҰРБЕКОВ ағамыздың еңселі жүзін көргенде есіңе сырбаз ақын Сырбай Мәуленовтің осы бір шумақтары еріксіз орала кетеріне не дерсіз?!. Оның тау тұлғасы мен асқақ арманы астасып жұдырықтай жүрегіне мейірім болып бекіп жатыр…

Сонау жаугершілік заманда Ер Махамбет:

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шолмай,

Ерлердің ісі бітер ме?» – деп жырласа, Болатжан САЙМАСАЙҰЛЫ өз заманына орайластырып, ереуіл атты білім деп түсіне отырып, білім жолына бет бұрды, егеулі найзаны маңдайдан аққан адал терге айналдырды. Күн демеді, түн демеді. Аумалы-төкпелі 1990 жылдардан бері еңбегін емді. Сөйтіп, өсіп-өнді. Халық қалаулысы атанды. Еліне адал еңбегін арнаған Болатжан ағамызбен аз-кем сыр бөліскен едік. Көптің бірі секілді күпілдек жел сөз, жалтырақ әңгімеден алыс екенін көрсетті сұхбат барысында. Ендеше, назар аударыңыз...

– Құрметті Болатжан Сайма-сайұлы, сізді жанашыр азамат ретінде аудан толық біледі десем артық болмас. Қайырымдылық жасау қаннан берілген қасиет шығар?

 

– Адамның күні адаммен ғой. Әсіресе, бүгінгі адам қайғысы – заман қайғысы боп отырған қоғамда қолыңнан кеп жатса, көмектескенге не жетсін, шіркін. Қазақта: «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» деген нақыл сөз бар. Расында, темір сырын отта танытады, адам сырын жоқта танытады. Сондықтан бәленшеге бәлендей бердім деп көргенсіздің әңгімесін айтудан аулақпын. Тек бәріміз әке көрген азамат болғандықтан, көргенімізді, көңілге түйгенімізді істейміз. Бұлай деген себебім, әкем Саймасай (жаны жәннатта болсын) имандылық жолында игілікті іс атқарған азамат еді. Имам болып, жас ұрпақты түзу жолға бастады. Әрдайым маған: «Орта толады, толы шайқалады. Ешқашан болдым, толдым деме» деп отыратын. Осы сөзі менің өмірлік ұстанымыма айналды. Пенде болғаннан кейін кейде тасып кетуге әзір тұрамыз, бірақ әкемнің сөзі мені тура жолға бастайтын шамшырағым болды.

– Қайырымдылықпен айналысқаны-ңызға да біраз жыл болды ғой?

– Иә, он жылдан асты. «Ер туған жеріне» демей ме. Мен үшін Италияның Бураносы да, Қытайдың Яншосы да, Бразилияның Морре-де-Сан-Паулусы да туған жерім Масаққа, өскен өлкем Еңбекшіқазаққа жетпейді. Себебі, туған жерімнің таза ауасында тыныстап демімді аштым, жоталарына өрмелеп жігерімді қайрадым. Ондағы әр тұрғын менің бауыр-туыстарымдай көрінеді. Сондықтан оларға қолұшын созу – міндетім. Қолымда барды бөлісемін. Өзім Масақтың төменгі жағындағы теміржол маңынан «Ескене НС» ЖШС теміржол тұйығын ашқанмын. Сол жерден көмір, цемент тасумен де айналысамын қосымша. Жыл сайын тұрғындардың біразына қыстық отынмен жәрдемдесемін. Әлім келгенше дәм-тұзын беремін. Қысқасы, осы.

– Туған жеріңіз жайлы айтып қалдыңыз, өмірбаяныңыздан сыр шертсеңіз...

– Мен 1972 жылы 30 желтоқсанда Масақта туылдым. 1989 жылы сондағы орта мектепті бітіріп, 2 жыл әскер қатарында болдым. 2005 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік универ-ситетінде «Заңгер» мамандығы бойынша, 2012 жылы Қазақстандағы жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі Халықаралық Білім беру корпорациясы «Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында» «Құрылысшы» мамандығы бойынша білім алып шықтым.

– Бала кездегі арманыңыз заңгер болу ма еді сонда?

– Жоқ, мен мектеп қабырғасында жүргенде француз тілін жақсы оқитынмын. Сонымен мектепті бітірген соң арманымды арқалап, Алматы шет тілдері педагогикалық институтына оқуға түсемін деп талпындым (ол кезде АПИА дейтін). Бір орынға 100-ден астам түлек таластық. Кейін барлық пәндер бойынша үздік тапсырып, конкурста құлап қалдым. Әйткенмен, өткен іске өкініш жоқ.

– Қазіргі уақытта сізді «Бақай-Строй» ЖШС басшысы ретінде білеміз. Бұған дейін де талай асулардан асқан шығарсыз?

– «Өмір, өмір орындатар өз дегенін,

Орындала бермейді көздегенің» дейді ғой. Бірқатар жерде талмай-танбай еңбек еттік. Талай-талай қу түлкідей сылаңдаған тағдыр тепкісінің уысына түсіп те көрдік, жалған жалынына күйіп, сұрапыл күндердің суығына үсіп те көрдік. Кәсіп ашамын деп бірнеше жыл ойға да, қырға да сүріндік, жығылдық... Оның бәрін айта берудің өзі артық шығар. Бастапқы жылдары Талдықорған өңірінен тұз, ұн әкеліп саттым. Қоғалыдан картоп әкеп саттым. Қайтейік, біз баспаған бел қалмады-ау, сірә (күлді). Сонымен 1996-2003 жылдары темекі өсірумен айналыстым. «Атақоныс» деп айдар тағып, 20 гектарға жуық жерге темекі ектім. Осыдан кәсібім өрге домалады. Кейіннен «Бақай-Строй» ЖШС құрып, содан бері құрылыс саласында жұмыс істеп жүрмін.

– Масақта «Агро-Масақ» деп жылыжай салғаныңызды білеміз...

– Шыны керек, былтырдан бері осы жылыжайды салып, қазір алғашқы жемістерін көрудемін. Әйткенмен, бұл үлкен сала. Ол да ізденісті талап етуде. Қазір Шымкентке, Өзбекстанға барып, жылыжайдың қыр-сырын үйренудемін. Мұндағы мақсатым біреу: ауыл тұрғындарын жылыжай ішінде өнім өсіруге бейімдеу. Себебі, өзбекстандықтар мұны жақсы біліп алған. Қазір агрономым сол елдің азаматы. Тамшылатып суару әдісін пайдаланудамыз. Өзіміздің ауыл тұрғындарынан 5-6 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Болашақта бұл кәсібіміз жүріп жатса, жылыжай ауқымын кеңейту жоспарда бар.

– Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгер-ген кәнігі мамансыз. Бұл тұрғыда жас кәсіп ашуға ниетті азаматтарға не айтасыз?

Кәсіп – тәулік бойы терге малшынуды талап етеді. Онда белгіленген жұмыс уақыты жоқ. Білекті сыбанып, түрлі тепкіге қарсы тұра білетіндер ғана бұл мамандықты меңгере алады меніңше. Ең бірінші ақыл-ой керек, қай салада еңбек етсе де зерттеу-зерделеу маңызды. Қазақ мұны: «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп түйіп айтқан. Бастысы, ынта болса – сол жеңіс.

– Әркімнің өзі шығар биігі бар дейсіз ғой.

– Әрине, ақылымызды іске асырып, бір бауырымыз өсіп жатса, тынысымыздың кеңейгені емес пе?

– «Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгі­сі» деп жатамыз. Сайлаушыларыңыз се­нім артып, «Ауыл» пар­­тиясы атынан Еңбекшіқазақ ауданының депутаты төсбелгісін кеудеге таққаныңызға 1 жылға жуықтады. Мандаттың маңызы жайында не айтасыз?

– Бұл – халық сенімі. Сенімге селкеу түсірмеу – міндетіміз. Сонымен қатар «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын да білесіз. Біздің партия Елбасы саясатын қолдай отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды жоғары қояды. Яғни, «Ауыл» партиясы үшін басты мақсат – халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын дамыту, Отанымыз Қазақстанның Тәуелсіздігін баянды ету, «Мәңгілік елді» нығайтып, бекіту! Партияның сайлауалды бағдар-ламасындағы 6 бағыт та осы межені бағындыруға жұмыс істейді. Шыны керек, «Нұр Отан» партиясы болсын, «Ауыл» партиясы болсын, көксегені бір: егемен елімізді гүлдендіру. Бұл тұрғыда мен де аянбай еңбек етіп келемін. Себебі, ауыл біздікі. Ондағы тұрғындармен күнде көрісеміз. Кездесуде сан түрлі өтініштерін айтып жатады. Соның бірі Шелектегі Абай атындағы орта мектептің мүшкіл хәлі-тін. Екінші қабатынан су сорғалағанда шынымды айтайын, жанымды қоярға жер таппадым. Аудан әкімдігіне барып, бұл мәселені де шешуге ықпал еттім. Осы ретте аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлына тұрғындар атынан алғысымды білдіргім келеді. Мұндай түйткілдер түйінінің тарқалуы халық пен билік арасын нығайтуға жол ашады әрі депутат ретінде жұмыс істеуімізге жаңа серпін береді.

– Білеміз, депутат ретінде көкейде сайраған көп сауал бар, әйткенмен дөп сауалды айта кетсеңіз...

– Ауыл – қазақтың алтын қазығы, кіндігі. Оны талдап жатудың қажеті шамалы. Сондықтан ауыл тұрғындарына жағдай жасау – бірінші кезектегі мәселе. Осы ретте өзім сайланған Шелек округінде суармалы су мәселесі қабырғамызға батып жүр. Ал сусыз тіршілік жоқ. Осы түйткіл оң шешімін тапса, аудан әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз болмас еді. Әрине, қазір суармалы су бағасының біраз бөлігін субсидиялау жөнінде әңгіме қозғалуда. Оны қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Іске асса, тұрғындар боп тілегімізді жаудырамыз. Екіншіден, Шелектегі орталық аурухананың мүшкіл халін аудан, облыс басшылары да біледі. Биыл жөнделеді деген жоспар бар. Осы екі мәселенің тігісін жатқыза алсақ, қуанышымызда шек болмас еді.

Ендігі бір түйткіл, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының Шелек өңіріндегі бірқатар ауылдарды бөліп өтуі. Салдарынан жол қатынасы үзіліп тұр. Себебі, шаруашылық техникалары жүретін жолдар жоқ. Бұл өз кезегінде ауыл шаруагерлеріне де зиянын тигізуде. Қазір осы бағыт бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуіміз қажет.

– Ел дегенде еміреніп жүрген ердің бірісіз. Қабырғаңызға батқан мәсе-лемен бөлісе отырсаңыз?

– Шындығын айтсам, нарықтағы бәсекелестік жайы жаныма батып жүр. Бұл кәсібім дөңгелемей қалды деген үрейден емес, еліміздің түпкір-түпкірін қытайдың саудасы жаулап алды. Олармен бәсекелесу үшін алып күш керек. Біз сол күшті жеделдетіп жұмылдырмасақ, Қытай экономикасын дамытуға еңбек ететін боламыз. Бұл таяқтың бір ұшы ғана. Екінші ұшы – отандастарымыздың денсаулығына қауіп төнеді. Себебі, өзіңіз де білесіз, ауру – астан. Елбасымыздың: «Еліміздің нарығын сапалы тауармен қамтуымыз қажет» деп жанұшыра айтып жатқаны да сондықтан. Қысқасы, бәсекелестікке қауқарсыз екеніміз жаныма қатты батады.

– Оқырман отбасыңыз жайлы білгісі келер?

– Әкем 1919 жылы Миланфан ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар мал шаруашылығында еңбек етті. 2002 жылы қайтыс болды. Анам болса Талдықорған өңірінің тумасы. Тігінші болған. Қазір әулетіміздің мерекесі де берекесі де анамыз 6 баланы дүниеге әкелді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты. Ал өзімнің Алла берген екі ұл, екі қызым бар. Ұлым Есіктегі қазақ-түрік лицейінде білім алып, қазір республикалық О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде оқиды. Бір қызым Алматыда қазақ-түрік лицейінде білімін жетілдіруде. Үшінші қызым бірінші сыныпқа барса, ұлым 2 жастан енді асты.

– Ісіңізді дөңгелетіп, кәсіппен айна-лысуға ниетті ізбасарларыңыз бар шығар?

– Үлкен ұлым кәсіпке қатты қызығады. Ұдайы жанымнан қалмай, білмегенін сұрап жүреді. Ал қызым дәрігер болсам дейді. Оған біз тек қуанамыз. Себебі, әулетімізге бір дәрігер керек-ақ.

– Бала тәрбиесінде қандай әкесіз?

– Қатал шығармын. Әрине, мінез көр-сетуден емес, тек талап қою жағынан айтып отырмын. Себебі, өзім де нағыз әкенің тәрбиесін көрдім. Ешқашан бізге қол көтеріп көрген емес әкем. Қабағымен ғана басқаратын. Сол қасиет менде де бар.

– Өзіңіз де асқар тау әкесіз ғой. Ер азаматтардың қоғамдағы  рөлі жайында ойыңыз қалай?

– Шыны керек, қазір БАҚ құралдары арқылы қанымызда жоқ көкек әкелер деген сөзді естіп жүрмін. Бұған іштей налитыным да рас. Қазыбектің қазылығымен Төле бидің төрелігін айтатын тік мінез азаматтарымыз да сиреп барады. Мұның бәрі де әлеуметтік теңсіздіктен туындап отыр меніңше. Оны жою үшін отбасы, ошақ қасындағы тәрбиені күшейткен абзал. Екіншіден, ұлттық тәрбие топсасын босатып алдық. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген бабаларымыз. Демек, бұл тұрғыда ер азаматқа деген құрметті жоғалтып алмауымыз маңызды. Әйткенмен, күн қызуын, ай жүзуін қоймаса, көшпендінің киелі бесігі әлі талай батыр тәбәрік-ұрпақтарын әлдилейтініне сенім мол.

– Түйін сұрақ болсын, хоббиіңіз..

– Мен көбіне табиғатқа шығып серуен-дегенді жаным сүйеді. Содан ләззат аламын, бойыма жігер жинаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

– Сіздерге де алғыс айтамын. ауданымыздың айнасы «Еңбекшіқазағы-мыз» өркендей берсін!

 

Заманның ағымы мен қоғамның қарымының үздіксіз жалғасып, ескіні  жаңаның, алдыңғыны соңғының алмастырып отыратыны заңдылық. Бірақ, Жаратқанның жазмышымен дүние есігін ашқан біреу өзінің қоңыр тірлігімен «төрге» озып кетсе, енді біреуге ұлтының мүддесі үшін моншақтатып тер төгуге тура келеді. Сондықтан, қазақ: «Жазмыштан  озмыш жоқ» деп, тоқ етерін бір-ақ айтқан…

…Ел көсемі Абылай, ұлт ұраны Әбілқайыр, ой оғланы Ораз-Мұхаммед, әл-қуатымыз әз-Жәнібек, кең парасатты Кенесары, халықтың қалқан-қорғандары Наурызбай, Бөгенбай, Қарасай, Махамбет, Райымбек, Исатай, Шадай батырлар, қара қылды қақ жарған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, бітімі бөлек Бөкен би, орақ тілді Бөлтірік шешен, қазақтың мұң-зарын қызыл тілдің құдіретіне жеңдірген хакім Абай, шерлі Шәкәрім, қос-ішек домбыраны зарлатқан қуатты Құрманғазы, қайғы жұтқан Қазанғап… Қайсыбірін тізесің, қайсысын ұмытарсың, түп-тұқиянымен һәм әрқайсысы сақадай сайыпқыран қазақтар…

…Ай тығылып, күн шыққанын тоқтатпаса, тіршілік те жалғаса бермек, айталық, елі үшін нардың жүгін еңсеріп жүрген Саймасайдың ұлы Болатжандай азаматтар туа бермек қазақ даласында…

 Сұхбаттасқан Қайнар ЖҰМАҒОЖА.