Бейсенбі, 29 Маусым 2017 20:21

Алматы облыстық мәслихатының депутаты, аудандық Электр тарату жүйесінің басшысы Едіге ЖАРЫҚБАСОВ: «МАЛ – бір күндік, БІЛІМ – мың күндік азық»

    Ол – ТМД елдерінің энергетика саласына зор үлес қосқан маман, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы»... асқар тау әке, адал жар, білікті басшы, халық қалаулысы... Тұла бойындағы осындай жауапкершілік жүгін қара нардай қайыспай көтеріп келе жатқан соғыс және еңбек ардагері Солтанбай атамыздың баласы Едігедей есіл ер. Адамгершілік қасиеті өз алдына бір мақала боларлық. Ал Азамат ретіндегі көзқарасы талайға үлгі. Ол – көптің бірі секілді күпілдек жел сөз, жалтырақ әңгімені жаны сүймейді. Адал еңбек – өмірлік ұстанымы. Дәл осы қасиет оны биікке жетеледі. Еңбекті еміп өсті, нәтижесінде халқы сыйлап, абыройы асты. Әйтсе де, осындай абырой мен атақ тегіннен-тегін келсін бе? Талай-талай қу түлкідей сылаңдаған тағдырдың тепкісінде қалып, қиындық пен әділетсіздіктің «көріне» түсіп те көрді, әркімге алақан жайып тосатын заман уын ішіп те көрді, жалған жалынына күйіп, сұрапыл күндердің суығына үсіп те көрді. Дегенмен, жасындай жарқыраған жігері мен алмас қылыштай бойын қайрап, тағдыр тепкісіне қарсы тұра білді. Білегін сыбанып, білімін шыңдай берді. Бар ғұмырын энергетика саласына арнап, мамандығына деген ынтызарлық оны басқаға мойын бұрғызбады. Сол себептен болар, ұзын саны жүздеп кете беретін энергетиктердің ішінде ЕДІГЕ ЖАРЫҚБАСОВтың  жүзі жазғы аспанда жапырлай көтерілген Үркерлердің ішінде, жалтырай  жымыңдаған Таразы іспеттес.

– Құрметті Едіге Солтанбайұлы, өмірлік ұстанымыңыз «Еңбек – бәрін жеңбек». Бұл әкенің тәрбиесі ме?

– Дәл солай. Ата-анамыз бізді бала кезімізден еңбек тәрбиесімен өсірді. «Еңбегіне қарай өнбегі» дейді ғой қазақ. Шынымен еңбек ерлікке жеткізеді. Ал қазір бұл тәрбие ақсап барады. Ата-ана балаларын еңбекке қимайды. Үйінде отырғызып, өздері күні-түні дала кезіп ақша тауып, 18-20 жастағы ұл-қыздарын сайраңдатып қоятын фактілер жиі кездеседі. Нәтижесінде, сол балалар жұмыссыз жүр. Әр нәрсеге икемі де келмейді. Бұл бүгін қоғам дертіне айналып, мемлекеттің бас қатырар мәселесі боп отыр. Себебі, жұмыссыздар саны көп. Ал біз жасымыздан шөп шаптық, базарларда жеміс-жидек саттық. Сөйтіп, өмірге бейімделдік. Сол еңбек тәрбиесі бүгін бізге жемісін беріп отыр.

– Балалық шақтан бірер әңгіме айтып өтсеңіз?

– Біз 8 ағайындымыз. Ата-анамыз бәрімізді оқытты, толқытты. Жоғары білім алып берді. 8 сыныпқа дейін туған жерім Алғадағы мектепте білімнің іргетасын қаладым. Кейін қазіргі Бәйдібек би ауылындағы Н.Островский атындағы орта мектепке ауыстым. Шыны керек, қазір салыстырып қарасам, балалық шақ ауылда тамаша өтеді екен ғой. Таза ауа, емін-еркін қозғалыс. Ал бүгіндері Алматыда балаңды еркін жіберіп көр. Бір минут көздің тасасынан тыс қалдырмайды. Яғни, бір шеңбердің айналасында ғана өседі бала. Бұл өз кезегінде жас буынға кері әсер етуде.

Әкеміз принципшіл адам. Әлі есімде мен 6 сыныпта оқимын. Қорадан жылқымыз жоғалып, түнімен іздедік. Соның салдарынан сабақ оқымадым. Таңертең мектепке бардым. Бірінші сабақ тарих яғни, әкемдікі. Бара салып «Жарықбасов» деді. Орнымнан атып тұрдым. «Үй тапсырмасын айт!» демесі бар ма. Үнсіз қалып едім: «Отыр, екі!» деді. Кейіннен әулетімізде дастархан басында қатты ұрысты. Сонда: «Мал бір күндік азық, білім мың күндік азық» дегені әлі күнге жадымда сайрап тұр.

– Сізді аудандық Электр тарату жүйесінің басшысы әрі Алматы облыстық мәслихатының депутаты ретінде танимыз. Осы салаға қалауыңызбен келдіңіз бе?

– Иә. Алғашында, Алматы зооветери-нарлық институтқа түскен едім. Ол кезде бұл мамандық мамандықтардың төресі-тін. Басшылардың бәрі де осы институтты тәмамдайтын. Содан бір жыл оқып, армияға баратын болдым. Кетер алдында Алматы көшесінің бойымен келе жатып көзіме «Алматы энергетикалық институты» деген жазу түсті. Ғимаратқа кірдім. Шыны керек, қатты ұнап қалды. Энергетик болсам деген арман кеудеме ұялады. Не керек, әскери борышымды өтегеннен кейін жолдама алып, армандаған оқуыма түстім. Ол 1980 жыл еді.

– Еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?

– Институтты «Өнеркәсіптік кәсіпорын-дарды электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдап, ол кездегі Талдықорған облысы Лепсі стансасының Метиздік зауытына жолдама алдым. 2 жыл онда электромонтердан инженер-энергетик дәрежесіне дейін көтерілдім. 1987-88 жылдар аралығында осы аудандағы Бәйдібек би (ол кезде Маловодное) ауылындағы «Гигант» совхозында инженерлік қызметпен жалғастырдым. 1989 жылдан бастап Есік аудандық Электр тарату жүйесіндегі Маловодное желілік учаскесінде еңбек еттім. 1998 жылы кәсіпорынға қосқан үлесімді басшылық жоғары бағалап, Есік аудандық электр тарату жүйесінің бас инженері қызметіне тағайындады. 2011 жылдан бері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ осы қызметке мені лайық деп тапты. Қысқасы, балалығым да, жастығым да осы ауданда өтіп, күні бүгінге дейін осы өңірге адал қызмет етіп келемін. Алдағы уақытта да бар білгенімді ауданымыздың өркендеуі жолына арнаймын.

– Бүгінде екі мәрте Алматы облыстық мәслихатының депутаты боп сайландыңыз. Қандай мәселелерді көтердіңіз?

– Шынын айтайын, алғашқы шақырылымда үйренумен уақыт өткіздім. Депутаттық мандаттың артықшылықтарын, тіпті сауалнамаларды қалай толтыру керектігін барынша меңгердім. Онда маған сол кездегі тісқаққан депутаттар Хайролла Ахметжанов, Бақберген Әшімов секілді ағаларымыз ұстаз бола білді. Сонымен осы шақырылымда менің бұл бағыттағы жұмыстарым айтарлықтай жүрді. Мәселен, ауданымыздың басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлымен бірге жанталасып жүріп қазір Алғаға мектеп салынуда. Осы үшін аудан әкіміне шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазіргі уақытта Аваттағы су мәселесін шешуге де жүгіріп жүрміз. Бұдан бөлек аудандағы электр желілерін жөндеу, ауыстыру мәселелері бойынша да еңбек етудеміз. «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» дегендей, қолымыздан келгенінше тіршілік тізгінін қағып келеміз.

– Мәслихатта ең қауырт шақ – тұрақты комиссия отырыстары екені белгілі. Облыста комиссия қалай өтеді?

– Бұрындары жоқ еді, қазір көшпелі комиссия отырыстары көп мәселенің тігісін  сөгіп жатқанын мақтанышпен айтуымыз керек. айталық, алғаш рет Үшаралда өтті. Ондағы мәселелерді жинадық. Кейіннен Кегенде өтті. Онда да қордаланған мәселелер бойынша Алматы облысының әкіміне депутаттық сауал беріп, бүгінде көптеген түйткілдер шешілу үстінде. Айталық, облыс аумағында қаншама жарық желілері иесіз тұр. Салдарынан ауылдарда жарық жоқ. Бұндай жағдай біздің Шелек өңірінде де бар. Қазір осының барлығын «Алатау Жарық компаниясының» (АЖК) балансына өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше әлеуметтік мәселелер де шешімін табуда. Осы ретте айта кетейін, жыл сайынғы жұмыс көрсеткіші нәтижесінде ауданымыздың электр жүйесі облыс     бойынша 2-3 орыннан түспей келеді. Бұл осындағы 200-ден астам маманның еселі еңбегінің көрінісі.

– Маман демекші, жас кадрлар жайында не айтасыз?

– Бұл менің қабырғама батып жүрген түйткіл. Неге десеңіз, қазір осында жұмыс істейтін жас мамандар мемлекет тарапынан кезекпен үй, жер телімін алуға қауқарсыз. Әрі «Алатау Жарық компаниясынан» да берілмейді.

– Техникаларыңыздың жағдайы қандай?

– Сонау кезінде совхаздан қабылдаған техникаларды әлі күнге сүйреп жүрміз. Олардың бөлшектері де жоқ. Әйтеуір әупірімдеп құрама ғып күн көрудеміз. Дегенмен,  АЖК-ның 2018 жылға жоспарына енгізіп қойдық. жаңадан 7 көлік алсақ деген ниет бар.

– Оқырман отбасыңыз жайлы білгісі келер?

– Жолдасым Айнұр Талғатбекқызы Бәйдібек би ауылдық амбулаториясында жоғары санатты балалар жүйке дәрігері. Ұлым да энергетик. Қазіргі уақытта 2 Электр тарату жүйесінде жұмыс істейді. Ал қызым қаржыгер. Қазіргі уақытта бала күту демалысында. Бала – балым болса, балаларымның баласы – жаным екі немерем бар. «Өнегелі отаудың өрісі кең» дейді ғой қазақ. Бүгінде әкеміздің баталы сөзі бізге азық болып келеді.

– Бір сұхбатыңызда «Әкеме қарап бой түзеймін» деген екенсіз. «Бір бала әкесіне жете туады, бір бала өте туады» деген тәмсіл бар. Сіз ше?

– Иә, әкем қара қылды қақ жарған шыншыл, адал, сонысымен қатар қатал адам. Осы қасиеттерін бойыма сіңірсем деп келемін. Әйткенмен, әкемнен аса тудым десем әбестік болар. Ол кісі қазақтың басына күн туғанда қолға қару алған майдангер. Бойымда қаны болса да, әрбіріміз жеке тұлғамыз. Менің өз жолым бар. Үнемі маған «Ер азаматқа елуден асқаннан кейін ақыл кіреді» деп отырады әкем. Міне, 58 жасқа келіп, айналаны басқа көзбен барлап отырмыз. Өткен күндерге, жүрген жолымызға үңілеміз. Осы тұрғыдан айтсам, әкем менің өмірлік ұстазым.

– «Жүрген жолымызға үңілеміз» деп қалдыңыз. «Әй, қап!» деп қапа-ланған сәттеріңіз болған шығар?

– Әрине болды. Қазір де әттең деп отырамын. Өзім 8 ағайынды болғаннан кейін бе ұл-қызым көп болмағанына қиналамын. Ол замандарда қазіргідей үй-күй жоқ, жалдамалы пәтерлерде күндігіміз үшін жан алыстық қой. Әйткенмен, әке-шешеме бас иемін: сонау қиын кезеңдердің өзінде бізді жарық дүниеге әкелді. Өсірді, жеткізді. Қазір ұлым мен қызыма «ұрпақ өрбітіңдер, өсіңдер, өніңдер!» деп айтып отырамын. Жастарға да соны қайталаймын. Еңбек етсеңдер, тұрмыс түзеледі. Ал жастық жігерлі шақ қайта келмейді. Соны ұғына білген ұрпақ ұтады. 

– Білуімізше, боксшысыз. Солай ғой?

– Иә, жас кезімде бокспен айналыс-тым. 79 кг салмақта институтта чем-пион болдым. Қазір дене жаттығуларын жасағаным болмаса, тікелей бокспен айналысудан алыстадық қой.

– Түйін сұрақ болсын, хоббиіңіз...

– Менің хоббиім – аңшылық саятшылық құру. Әсіресе, құстарға саятшылық жасауды ұнатамын. Арнайы үйретілген итім де бар. Қолым босағанда таза ауада жүріп, хоббиіммен айналысамын.

ТүЙІН: Адамға қаншалықты мол мүмкіндік, талант берілсе, соншалықты ауыр міндет жүктеледі. Ал сол міндетті тек ЕДІГЕ ЖАРЫҚБАСОВ секілді білегі бекем, жүрегі ел деп соғатын, арманы асқақ, ойы озық тұлғалар ғана көтере алады. Бұл өмірдің бұлтартпас айғағы…

    Тәулігін адал еңбекке арнап, әр күніне есеп беріп, түлкі айлалы жалғанда өмір сүрсе де, тура жолдан таймаған, әке өнегесін ойша өрімдеп, әр істі терең ойлаған, байыбына бойлаған азамат бүгін арамызда жүр. Осы ретте ойыма еріксіз «Қыраннан қыран туар жарқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» деген қазақ нақылы оралады...

 

Сұхбаттасқан Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Қаралды 79 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама