Сенбі, 05 Тамыз 2017 17:22

Әйелдерге кеңес берілді

Бүгінде қоғамда әйелдерге еңбек міндеттерін орындау кезінде ерлермен бірдей талаптар қойылады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы жайғдайда ата-анасының екеуі де бала тәрбиесі мен үй шаруашылығын жүргізуге бірдей жауапты болуға тиіс. Алайда, отбасылық-тұрмыстық қатынастарда ерлер басымдығының сақталуы байқалады. Бұл дұрыс та шығар, әрине. Десек те, ерлер мен әйелдердің теңдігі – қазіргі заман талабы. Осыны жұртшылық арасында насихаттау мақсатында жақында Шелек, Түрген, Ават ауылдарында кездесулер өтті.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Райгүл Төлебекова, жергілікті әйелдер кеңесінің төрайымы мен мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты.

Жиын барысында алғашқы болып баяндама жасаған қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Қымбат Құрманжанова отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, гендерлік теңдікке қол жеткізудің шетелдік модельдерін атады:

Әйелдерге қатысты жақын серігі тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылықты жою мақсатында Финляндия Үкіметі «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі 2010-2015 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын» орындады. Осы жоспар аясында қабылданған шаралар баспаналарды көбейтуді және онда көрсетілетін қызметтерді жақсартуды, сонымен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарда медиацияны пайдалануды шектеуді қамтиды. Данияда бірнеше интернет ресурс құрылған. Біздің елде де осыған ұқсас бағдарламалар жүзеге асуда. Себебі, қай заманда болмасын ерлер мен әйелдердің дәрежесі тең болу керек – деді. «Әйелдер арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында баяндама оқыған Райгүл Төлебекова күйеулерінен жапа шеккен әйелдерге әрдайым көмектесетіндігін жеткізді.

Жиын соңында отбасылық жағдайда зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдер көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 55 рет

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама