Сенбі, 05 Тамыз 2017 17:41

Еңбекшіқазақ ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебай: «Жастар – жаңа дәуірдің кемел келбеті»

 

«Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», — деген еді Елбасымыз бір сөзінде. Еліміздің болашағын сеніп тапсырған Мемлекет басшысының сөздерінен-ақ жастардың қоғамдағы рөлін анықтауға болады. Шаңырағы үлкен, 54 ұлт пен ұлыстың басын қосқан Еңбек-шіқазақ ауданында 68 780 жас тіркелген. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі бағыттағы іс-шаралар жүр-гізу «Еңбекшіқазақ ауданының жастары ресурстық орталығының» құзырында. Жастардың жағдайы, орталықтың ат-қарған жұмыстары туралы аталмыш орталық жетекшісі Айбек Ілебайды сөзге тартқан едік.

 

Айбек Қасымханұлы, ресурстық орталық жастармен қай бағытта жұмыс жүргізеді?

2017 жылға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес және одан тыс жастардың рухани және мәдени дамуына, моральдік, жігерлік және физикалық қасиеттерін нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстануына, еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін асқақтатуға, өмірге деген позитивтік көзқарастарын ұлғайтуға, қоғамдық-саяси жұмыстарда белсенді болуларына бағытталған жұмыстар жүргізді. Орталықтың ұйымдастыруымен жыл басынан бері спорттық, мәдени бағыттағы шаралар, жиындар мен кездесулер, акциялар өтті.

Ерекше атап өтетін шара?

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған облыстық «Жүректен жүрекке» байқауында біздің ауданымыздан қатысқан «Жас қыран» тобы жүлделі ІІ орыннан көрініп, 120 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы жарты жылдың қорытындысы бойынша облыс рейтингісінде екінші орында тұр.

Жастарды жұмыспен қамту – қоғам-дағы өзекті мәселе бүгінде. Бұл тұрғыдан қандай да бір жобалар іске асырылады ма?

Жастарды жұмыспен қамту, маргиналды жастарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту мақсатында аудан көлемінде республикалық «Жастар корпусын дамыту» және «3.2.1. Старт!» жобаларын жастарға түсіндіру, жастармен талқылау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді.

«Жастар корпусын дамыту жобасының үйлестіру агенттігі 18-29 жас аралығындағы жастардың жобалық өтінімдерін қабылайды. Жобаға қатысуға ниет білдірген жастар бас-тамашыл тобын (3-5 адам) құрып, топтың көшбасшысын белгілей алады. Жобалық өтінімде жобаның атауы, іске асыру аумағы, мақсаты, қысқаша сипаттамасы міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Ұтысқа жеткен жобаларға 1 млн теңге қайтарымсыз ақша беріледі әрі жобаны іске асырушы топ мүшелерінің әрқайсына стипендия төленеді. Атап айтар болсақ, оқушы-ларға 29 мың теңге, студенттерге 61 мың теңге. Осы жоба аясында ауданымыздан өз жұмыстарын ұсынған 15 топтың арасынан 9 топтың жобасы жеңіске жетіп, жастарымыз миллионер атанып отыр.

«3.2.1. Старт!» жобасы туралы не айтасыз?

Бұл жоба «Coca-Cola Kazakhstan” компаниясы «Жас Отан» ЖҚ-мен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен және де «Орталық Азияның Еуразия Қоры» қоғамдық ұйымымен бірге нақты әлеуметтік, экономикалық мәсе-лелерді шешу мен республиканың түрлі өңірле-ріндегі туризмді дамыту жолындағы жастардың бастамаларын анықтап, қолдауға бағытталған кең ауқымды жоба. Жобаға 17-22 жас аралы-ғындағы жастар қатыса алады. 4 кезең бойын-ша іске асады. Іріктеліп үздік танылған 3 жеңімпаз жобаға 1 млн теңге грант беріледі.

2005 жылы бекітілген «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асырылу деңгейі қандай?

Аталмыш бағдарлама аясында 2013 жылы 14 жас, 2014 жылы 65 жас, 2015 жылы 355 жас, 2016 жылы 360 жас жұмыспен қамтылды. Ал биылғы жылы маусым айында басталған жұмысқа Қаракемер, Бәйтерек, Көктөбе ауылдарынан 38 жас тартылып, өз жұмыстарын жасады. Шілде айында Қаракемер, Бәйтерек, Көктөбе ауылдарынан 38 адам жұмыс жасады. Тамыз айында Түрген, Шелек, Ақши ауылдарынан 35 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Ауылдың көркеюінде, тазалығында «Жасыл ел жасақшылары» белсенділік танытты. Қоқыстарды жинап, қоғамдық орындарды сыпырып, көше бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ауыл қарттары мен ардагерлеріне көмек қолын созып, әрдайым қолдау көрсетуде.

Алдағы уақытта жүзеге асыратын жоспар?

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған ауылдық округтердегі жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында аула клубтарын ашу болып отыр. Облыстан қолдау болса, алдағы уақытта жастардың бос уақытын өткізетін фитнес орталық, интернет-кітапхана, конференц-зал, жастарға қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Қамажай ЕРКЕБАЕВА.


Қаралды 30 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама