Дүйсенбі, 09 Қазан 2017 23:49

9 қазан – Пошта күні

Адлан Тоқбаев:

заманға сай қызмет етеміз

Бүгінгідей ақпараттық

технология  дамыған заманда пошташының жолына қарап, хат күтетін кезеңдер артта қалды. Бір қарағанда пошта қызметінің маңыздылығы азая түскендей. Алайда, халық  әлі де бұл қызмет түріне жүгінеді. Поштаға барады, сәлемдемесін салады, басқа да көптеген қызметті алады. Өйткені,

пошта байланыс торабы

заман өзгеріп, талап күшейген сайын соған сай жаңаруда.  Бүгінгі біздің «Қазпошта»

АҚ Алматы облыстық филиалы, Еңбекшіқазақ аудандық

пошта байланыс торабының басшысы Адлан Тоқбаевпен болған сұхбатымыз осы жаңашылдықтар жөнінде. 

– Адлан Қадырсызұлы, Еңбекшіқа-зақ – үлкен аудан. Пошта қызметі осы аудан тұрғындарын түгел қамтып отыр ма?

– Есік қаласында Еңбекшіқазақ ау-дандық пошта байланыс торабының орталық операциялық учаскесі, ауылдарда барлығы 41 бөлімше жұмыс істеуде. Ауданды түгел қамтып отырмыз деп айта аламыз.  Пошта бөлімшелерінде көптеген қызмет түрлері көрсетіледі. Тұрғындар зейнетақыларын, жалақыларын алып,  коммуналдық, кредиттік т.б. төлемдерді төлейді. Бізде  барлық қаржылық опера-циялар жүзеге асырылады.

– Есепшот картасы десе ойымызға екінші деңгейлі банктердің карталары оралады. Жақында «Қазпоштаның да карталары бар» дегенді есіттік. Сіздерден қандай есепшот карталарын алуға болады?

– Бізде банктерде ұсынылатын бар-лық карталар – «gold», «visa», «clas-sic», «electron», «express» карталары бар. «Еxpress» карта  тез берілуімен ерекшеленеді. Пошта бөлімшесіне келіп, өтініш берген күні сол мезетте картаны аласыз. Орталық учаскеге және бөлімшелерге пост-терминалдар қойылған. Тағы бір айта кетерлігі, біздің карталар арқылы «Qazkom» банкінің және «Қазпоштаның» банкоматтарынан ақша шешкенде пайыз алынбайды. Алдағы уақытта Бәйдібек би бөлімшесіне банкомат қою жоспарлануда.

– Бүгінгі замандағы пошта қызметі бұрынғыдан едәуір ерекшеленеді. Бай-қап отырсақ, қаржылық қызмет-терді көбірек көрсетесіздер. Бұл тұрғыдан алғанда банктермен бәсекелессіздер ме?

– Әрине,  екінші деңгейлі банктердің бәрімен және қазіргі таңда елімізге келіп өз қызметтерін ұсынып жүрген шетелдік пошта тораптарымен бәсекелеспіз. Сондықтан да, «Қазпошта» АҚ-да модернизация жүруде. Яғни, біз барынша сапалы қызмет көрсетуге және процесстерді жеделдетуге көшудеміз. Техникалық, операциялық,  технологиялық, ақпараттық салада пошта торабы жаңғыртылуда. Орталық операциялық учаске биыл модернизациялық жөндеуден өтті. Жаңадан енгізілген қызмет түрі – «Сәлемдемелер супермаркеті» ашылды. Бұрын тұрғындар жақындары жіберген затты алу үшін кезекте тұратын. Қазір клиенттің өзі келіп, «Сәлемдемелер супермаркетінен» алдын-ала ұялы телефонына келген СМС бойынша тиісті орыннан сәлемдемесін алып кете алады.  Жалпы, «Қазпошта» АҚ финанстық, брокерлік, агенттік және электрондық  қызметтерді көрсетеді. Сонымен қатар, филиал, бөлімшелер желісінің көптігі, әсіресе, алыс ауылдардың қамтылуы – «Қазпоштаның» басты ерекшелігі. «Бірыңғай терезе» принципі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Яғни, клиент  балабақшаға ақша төлесе, басқа жаққа хат жолдаса, қысқасы қандай қызмет түрі керек болса да бәрін бір терезеден алуы керек. Бұрын әр қызмет түрі бойынша әр терезеге кезекке тұратын. Халықтық IPO бағдарламасына қатысқан  азаматтар дивиденттерін  «Қазпошта» арқылы алып отыр. Бізде банктерде көрсетілетін қаржылық қызметтердің бәрі бар. Кредит те беріледі. «Хоумкредит» және «Альфа» банкпен келісім-шартқа отырдық. Ауданымыздағы 10 бөлімшеде несие рәсімделеді.  Зейнетақы 3 түрлі жолмен беріледі: есепшоттан, автоматтандырылмаған бөлімше болса тізіммен барып алады және карта арқылы.  41 бөлімшенің 36-сы автоматтандырыл-ған. Яғни, олар заман талабына сай компьютер т.б. барлық техникалық құралдар-мен жабдықталған. Ал агенттік ретінде теміржол және әуе билеттерін сатудамыз. Процестерді жеделдету мақсатында  «Күн+0», «Күн+1» жеткізу түрі енгізілді. Яғни, «Күн+0» жеткізу түрінде газет-журнал жарық көрген күні, сәлемдеме поштаға келген күні иесіне жеткізіледі. Бұл орталық операциялық жүйеде жолға қойылған. «Күн+1» жеткізу түрі – ауылдардағы бөлім-шелерде. Орталық учаскеге келген газет сол күні ауылдық бөлімшеге жеткізіледі. Одан кейінгі күні иесіне апарылады.

– Осы жерде айта кететін бір мәселе бар. Қаншама халық тұратын саяжайлар – бүгінде елді-мекен болып саналады. Дегенмен, ол жаққа Сіз айтып отырған жеткізу түрлері енгізілмеген тәрізді. Тұрғын ретінде, саяжайларға газет-журналдардың басқа да сәлемдемелердің мүлдем жеткізілмейтінін нақты айта аламын.

– Негізі, пошташылар саяжай тұр-ғындарына да пошта арқылы алатын заттарының бәрін үйіне жеткізіп беруге міндетті. Бұл қызметке келгеніме көп болған жоқ. Осындай әлсін-әлсін кездесетін проблемаларды рет-ретімен шешудеміз. Алдағы уақытта саяжай тұрғындарына пошта қызметі  толыққанды көрсетіледі деп сеніммен айтамын.

– Сапалы қызмет көрсету үшін қыз-меткерлердің еңбекақысы да соған сай болуы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын пошташылар жалақысының мүлдем аз екені мемлекеттік деңгейде айтылып жүрді. Қазіргі таңда бұл мәселе қалай шешілуде?

– Ауданымыздың пошта байланыс торабында барлығы 186 қызметкер еңбек етеді. Былтыр холдинг бойынша жалақы 10 процентке өсті.  Кірісімізге қарай жалақы мөлшерін тағы да көтеру ойымызда бар. Жалақыдан бөлек қызметкерлерді ынталандыру мақсатында түрлі мотивациялық жобалар енгізілуде. Мәселен, биылдан бастап бонустар беру жолға қойылды. Қызметкерлер теміржол, әуе билеттерін сату, есепшот ашу тәрізді атқарған жұмыстарына қарай бонустар алып отырады. Жалақыларына кәдімгідей елеулі ақша қосылып, қызметкерлеріміз өз жұмыстарын сапалы атқаруға ынталана түсуде.

– Пошта қызметінің басты бір бағыты – басылымдарға жазылымды жүргізу және  жеткізіп беру дер едік. Қазіргі уақытта тұрғындардың газет-журналдарға, оның ішінде аудандық  «Еңбекшіқазақ» газетіне деген қызығушылығы, көзқарасы қандай?

– Ақпараттық технология дамыған заман дегенімізбен ауылдық жерде барлық үйде интернет бар деп айта алмаймыз. Әрі интернеттегі  алып ақпарат әлемінен керегімізді табу да, ондағы жазылғандардың бәріне сену де қиын. Сондықтан да, қағаз басылымдар бүгінгі күні де өз маңызын, рөлін жойған жоқ. Әсіресе,  ауданның өмірі, экономикалық жағдайы, басқа да жаңалықтар туралы жазатын аудандық газет тұрғындарға аса қажет. Мұнда мемлекеттік қызмет түрлері, оны алу үшін қандай құжаттардың керек екендігі және қай жерде не сатылады, кімге қандай жұмыс бар, жалпы аудан тұрғындарына қажетті дүниелердің бәрі жазылады. Ол ақпараттарды ел білуі қажет. Аудандық редакциямен тығыз байланыста қызмет атқаратындықтан біз өз тарапымыздан  газетті насихаттаймыз. Аудандық «Қазпошта» бөлімінде каталог бойынша жүздеген газет-журналдар ұсынылады. Солардың қай-қайсысына жазылса да тұрғындарға уақытылы жеткізіледі.

– Жоғарыда айтылғандардан басқа қандай жаңалықтар, өзгерістер бар? Алда келе жатқан пошта қызметкерлері күні қарсаңында әріп-тестеріңізге не тілер едіңіз?

– Қазіргі таңда Бәйдібек би бөлім-шесінде ХҚКО-да ұсынылатын электронды қызметтер көрсетілуде. Бұл тұрғындар үшін өте ыңғайлы болды. Алдағы уақытта басқа бөлімшелерде де осындай жұмыстарды жүзеге асырсақ деген ойдамыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда ХҚКО тарапынан босанған әйелдерге перзентхананың өзінде 4 қызмет түрі ұсынылады. Туу туралы куәлік, балабақша кезегіне қою, босануға дейінгі және кейінгі әлеуметтік төлемдерді және бала күтімі үшін берілетін бір реттік жәрдемақыны алуға өтініш беру. Ол үшін жүкті әйелден алдын-ала есепшот ашу талап етіледі. Біз осы жерде өз тарапымыздан перзентханада есепшот ашу мүмкіндігін ұсынсақ деп отырмыз. Сонда алдын-ала есепшот ашуға үлгермеген әйелдер перзентханада есепшот ашып, карталарын қолына алып,  сол арқылы ХҚКО ұсынған  қызметтерді алар еді. Сонымен қатар, қазір пошта бөлімшелерінде саусақ таңбалары арқылы есепшот ашу мүмкіндігі қарастырылған. Ал www.post.kz сайты арқылы «Қазпошта» АҚ ұсынатын барлық қызмет түрлерін үйде отырып-ақ алуға болады. Кез келген банк карталарымен барлық төлемдерді пошта арқылы төлей алады, тіпті, www.postmarket.kz сайты арқылы газет-журналдарға жазылу мүмкіндігі бар.

Ал кәсіби мереке тұсында пошта саласында бұрын қызмет еткен ардагерлерді, қазіргі таңда еңбек етіп жатқан әріптестерді шын жүректен құттықтаймын. Оларға сапалы қызметі, табысты еңбектері үшін өз алғысымды білдіремін. Денсаулығы мықты, өмірлері нұрлы болып, отбасыларына әрдайым бақыт-береке орнасын!

Нұрбану КАМАЛ.

Қаралды 20 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама