Бейсенбі, 27 Қазан 2016 11:35

Абай елінде

2014 жыл. Астана қаласы «Алтын адам» мейрамханасында өткен ғалым Қайрат Сақовтың елу жасқа толған мерейтойында  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Сейіт Қасқабасов, Сағымбай Қозыбаев, Қойшығара Салғараұлы, Сұлтан Оразалинов, Дихан Қамзабекұлы, Болат Көмеков тәрізді ғалымдармен дастархандас боп, рухани нәр, ләззат алғанымды ешқашан ұмытпаспын.  Әрқайсысы бір-бір тұлға  бұл азаматтарымыздың өздерін ұстауы, бір-бірін құрметтеп, сыйлауы, айтқан ой-пікірлері мені қатты тебірентіп, ризалық сезімге бөледі. Ішімнен: «Өскен елдің өрендері осындай болу керек. Ұлтымыздың ар-намысын, абырой-мерейін өсірер бүгінгі ерлеріміз осы кісілер» деген сенім құшағында көңілді күй кештім.

 

Олардың, әсіресе, Бауыржан Момышұлымен қалай кездескендері жөніндегі сүйіспеншілікке толы лебіздері ой-санамды байытып жібергендей болды. Бірінші кезекте сұңғақ бойлы, сылыңғыр, сымбатты жігітағасы Ерлан Бәтташұлының:

–       Баукеңнің Абайдың туғанына 150 жыл толуы  тойына келгені есімде, – деп сөз бастағаны бәрімізді елең еткізді. –  Өкінішке қарай, әкемнің айтуынша, жоғары лауазымды кісілер Баукеңнің  бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын мінезінен қорқақтап, өз құрамына қоспапты. Жігіттер Баукеңді «Бірлік» совхозының  киіз үйінде оңаша күтеді. Төрге жайғасысымен Баукең:

– Бұл шаңырақтың иесі қайда? – дейді.

–       Жаңа  ғана аудан басшылары шақырып кетіп еді, қазір келіп қалады, Бауке, – дейді жігіттер.

–       Иесі жоқ үй – киесі жоқ үй. Мен кеттім, – деп орнынан тұрмақ болғанда:

–       Ағатай, айыпқа бұйырмаңыз, қазір келеді, шақырттық, – деп жігіттер өтіне тіл қатады. Сәл өтпей:

–       Ассалаумағалейкум, батыр  Бауыржан аға, – деп ішке енген совхоз директоры жанына ентіге жетіп, екі қолын бірдей ұсынады. Баукең оның қолын алмай қаһарлана қарайды. Директор шошып кетеді. Осылай деп Ерлан ішек-сілесі қатып күлді. Басқаларымыз да күлдік.

– Баукеңнің ұсынған қолды алмағаны – жәй нәрсе, не тентектік емес,  оның астарында терең сыр бар. Директордың қонақты құрметтеп қарсы алатын дәстүрімізді ескермегені әрі аудан басшыларының төбе көрсете қоймағаны ешкімге ұқсамайтын, ерекше мінезді  батырдың қытығына  тиген.

– Біз мына дастарқанға жуынып-шайынып кеп отырмыз. Ұсынған қолыңды алмағаным, сенің қай қиырдан келгеніңді, не ұстап жүргеніңді   қайдан білем, – деп Баукең директорды қызартып, біраз апшысын қуырады. Күтпеген қолайсыз жағдайға душар болған  директор:

– Бауке, бір минөтке рұқсат етіңізші? – деп тысқа шығып, жүгіргеннен жүгіріп аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хапез Матаевқа барады.

– Қара басып, Баукеңе жақпай қалдым. Көмектесіңіз, халім  мүшкіл, – дейді.

– Баукеңнің тілін сіз ғана табасыз, көңілін жұбатып, сабасына түсіріңіз,  – деп Хапез аға Абай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы – менің әкемді жұмсайды.

Әкем сөзге шешен кісі.  Абай ауданына келген сайын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Димаш Ахметұлы Қонаев әкемнің алғырлығына, тапқырлығына таң қалып, абыз, шешен деп атап, қасынан қалдырмай:

– Ел-жер жағдайымен сен  таныс-тыр, – дейді екен. Азулы ақын Ғафу Қайырбековтің де «Ақ желкен» деген кітабында әкем туралы тебірене жазғаны  бар. Жалпы әкем бір адамға беріспейтін, сөзі де, ісі де ширақ, ұзын бойлы, қараторы өңді, бұйра шашты, келбетті кісі еді. Ауданымызда әкеммен  тең түсіп сөз жарыс-тыратын адам кемде-кем десем, асыра айтқаным емес.  Мен әкемді перзенті болғандықтан мақтап отырғаным жоқ. Ол кісінің шешендігін, көсемдігін Димаш Ахметұлы Қонаевтан бастап, таныс-біліс жандардың бәрі біледі. 

– Әкеңіз Баукеңнің тілін тауып па?

– Ой, ол кісінің тілін табу оңай дейсіз бе? Екеуі алғаш әбден арбасып, бірін-бірі жеңе алмапты. Әкем Баукеңді әрең деп сабасына түсіріп, алдына бас пен жамбас әкеп қойса:

– Әй, менің бұл елге күйеу екенімді ұмыттың ба?  Төсім қайда?! – деп Баукең шатақ шығарып, қаһарына мінеді. Әкем:  

– Бауке, біз төсті өмірге өнім сыйлайтын, жарық дүниеге жиендерді топырлатып әкелетін жас күйеуге  береміз. Өмірге өнім сыйламайтын, жарық дүниеге жиендерді топырлатып әкелмейтін сіздей кәрі күйеуге бас пен жамбас  жарай береді, – дегенде, Баукең:

– Мен жеңілдім, – деп  екі қолын басынан асыра көтеріпті. Ізінше:

– Абайдың еліне келгенімді енді сезіндім. Бәтташ інім, Абайдың еліне келгенімді сен сездірдің. Рахмет. «Жылауық болса да, баланың бары жақсы, бақырауық болса да,  түйенің бары жақсы» дегендей, сенің барыңа шүкір, – дейді Бауыржан аға күліп.

– Бауке, қазақ күйеуді төрге отырғызбайды. Ал сіз төрімізде отырсыз. Демек, бізге күйеу емессіз, жиенсіз, халқымыздың махаббатына бөленген асыл ағамызсыз. Шыныңызды айтыңызшы, әлде күйеу боп қала бергіңіз келе ме? Онда қасыңызға алма мойын, қиғаш қас бір бойжеткен балдызыңызды әкеп отырғызайын, – деп әкем әдейі шымши сөйлегенде, Баукең:

– Сапылдақ, сен тәрбие, әдептің не екенін білесің. Халқымыздың салт-дәстүрін  сақтаған жақсы. Әр нәрсенің орны бар екенін, «кіші баланың ұятын үлкен бала көтеретінін» ұмытпа, –   дегенде:

– Мен жеңілдім, аға, – деп әкем екі қолын көтереді. 

 Ерланға қосылып бәріміз дауыстай күлдік.

– 1973-ші жылдың маусым айы. Жақсы қызметі үшін Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хапез                              Матаев Семей облыстық партия комитетінің хатшылығына ауысып, оның орнына Нәсел Сембаев деген азамат келіп жатқан кез еді. Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы Екейбай Қашағанов әкеме телефон соғып:

– Бәтташ, ауданыңның бірінші хатшысы қаладан әлі көшіп келе қоймапты, үй-күйі жоқ. Сондықтан өзіңмен хабарласып отырмын.  Бауыржан Момышұлы ағаң қазір қаламызда. Сендер жаққа бармақ. Таудың әдемі, саялы жерінен үй тігіп бер. Ол кісі екі ай жатып, кітап жазбақ.

– Құп болады.

– Менің машинаммен барады.

– Жақсы, өзім күтіп алам.

Екейбай аға қазақы исі аңқыған, қазақшылығы басым, халқымызға жаны ашитын, әкеммен жақсы сыйласатын кісі еді. Ешкімге жарамсақтанып,  жалтақтамайтын, өзінің берік ұстанымы бар, үлкенге де, кішіге де  қамқор болатын.  Ондай  жан біздің өңірде ілуде бір кездесетін. Ол кісінің шофері  «Семей» қонақ үйіне барып, Баукеңді сыртқа алып шығайын десе, шұлығының сыңары жоқ дейді. Шофер қанша іздесе де, таппайды.  Кейін естідік, сыңар шұлықты көрші бөлмедегілердің бірі ырымдап, алып қойыпты.Біз ду күлдік.

– Семей қаласы мен Абай ауданының арасы 180-200 шақырымдай ғана. Екі сағат өтер-өтпесте машина ауданға жетіп келеді. Аудандық партия комитетінің жаңа бірінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы Баукеңнің қарасын көргеннен: 

– Сапқа тұрғызып, әскер ойынын ойнатады, келіншегіңді ұнатып қалса, өзімен бірге алып кетеді дейді, – деп бәрі бой тасалайды.

 Баукеңді әкем жалғыз қарсы алады.

– Бәтташпысың?

– Дәл өзімін, Бауке.

– Саған бірінші тапсырма, аудандық милиция бөлімі бастығын шақырып, мына шоферді қазір абақтыға жап!

– Неге, Бауке?

– Мені дұрыс әкелген жоқ. Жолда машинаңды тоқтат, табиғат көріністерін тамашалайын десем, бастығым «еш жерге тоқтама деген» деп  тоқтамады.

– Жақсы, Бауке,  Мұны өзіміз де темір торға жаба алмай жүр едік.  Сіздің көмегіңізбен қолға түсірдік. Енді Баукеңнің арқасында облыстық атқару комитеті төрағасының шоферін абақтыға жаптық деген атақ алатын шығармыз.

– Әй, Сапылдақ, мені әжуалап, мазақтағаның үшін сені айып  батальонына аттандырсам ба екен?

– Сіз қайда жұмсасаңыз да, мен                         дайынмын.

Әкем Баукеңді үйге алып келді. Үйде інілерім, қарындасым, жазғы демалысқа шыққан әкемнің інісінің балалары бар еді. «Қазір үйге Батыр Бауыржан Момышұлы аталарың келеді, тәртіппен сәлем беріңдер. Өздеріңді тәртіпті ұстаңдар» – деп анамыз ескертіп қойған. 

Қонағымыз төрге енді жайғасып отыра бергенде шабарман кеп, әкемді басшылардың жұмысқа шұғыл шақырып жатқанын жеткізді.

– Бауке, не істесем екен? Мені  жұмыста іздеп жатқан көрінеді, – деген әкеме:

– Іздесе, бар. Жұмыстың аты – жұмыс, тәртіптің аты – тәртіп, – деді Баукең. Әкем тез басып, үйден шықты. Мен оныншы сыныпты бітіріп жатқам.  Кітапқа құмар едім.  Баукеңнің барлық шығармаларын оқып шығып, сөреге ұқыптап жинап қойғам. Бауыржан атама сол жинаулы кітаптарымды көрсетіп, түгел оқып шыққанымды айтып едім, көңілі жадырап, күлімдей бастады. «Куба әсерлеріне» қолтаңба жаздырып алдым.Төргі бөлмеде пианино тұрған. Баукең пианинода ойнады, барынша беріліп, әдемі ойнайды екен.  Музыка әлемінен, «Кармен» операсынан біраз қызықты сырлар шертті.    Ол кісінің көңілденгені сондай, испан тілінде ән айтты.  Басымыздан сипап, бізге де ән айтқызды. Кәдімгідей жақсы басқосу болды. Бір сағаттан кейін әкем ішке енді. Аудан басшыларын үйге шақырған екен, ешқайсысының келгісі келмепті. Баукеңнен бәрінің зәресі ұшып қалған көрінеді.

Ерлан бар жан-тәнімен ехе-хе-хелей күлді. Біз қосыла күлдік.

– Әкем Баукеңді сөйлеткісі кеп сөзбен шымшып отыр. Баукең әкемнің жай кісі емес екенін, сөзден жеңілмейтінін, «встать!», «молчать!» дегеніне көнбейтінін, сөздің астарын терең түсінетінін біліп, қайтсем сүріндірем деген оймен:

– Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қайда?! – деп сұрақ қойды.

– Олар, Бауке, сізден  айып батальонына аттандырып жібере ме деп қорқып, бері қарай аяқ баспады.

– Менен сәлем айт, олар айып батальонына да жарамайды.

Анам ас үйден  жайма табақ толы етті алып келген кезде:

– Қарағым келін, мына сапылдаған ұзынтұраға қалай күйеуге шыққансың?  Мұны қайдан тапқансың?  Ақыр тапқан соң, дұрысын таппадың ба? – деді Баукең.

Әкем бірден жұлып алғандай:

– Бауке,  шытынап тұрған кесе еді.  Өзім де бұл әйелден қалай құтыларымды білмей жүр едім. Бәрінің сәтімен үйлесе кеткенін көрмейсіз бе? Сотымыз да, биіміз де өзіңізсіз. Бүгіннен бастап әйелімнен ажырасам. Осы уақытқа дейін әзер шыдап келіп едім. Жолым ашылды. Жолымды ашып берген Бауыржан аға, сізге мың да бір рақмет.  Ел-жұртқа ала арқанды кескен, маған еркіндік берген  Баукең деймін, – деп еді:

– Әй, Сапылдақ, беталды сапылдама! Бауыржан Абай еліне келіп, аудандық партия комитетінің екінші хатшысын қатынынан ажыратып жіберіпті деген  жақсы ат дейсің бе? Сенсіз де шатағым да, атағым да жетіп жатыр. Сапылдамай үйге, келінге көмектес, айтқанын орындап жүр. Егер айтқанын орындамасаң, келін екеуіміз бірігіп, сазайыңды тартқызамыз, – деп Баукең аха-ха-халай күлді. 

– Онда,  сіздерге  бағындым, Бауке, – деді әкем де күліп. Мен:

– Ереке, байқауымша, Қазақстанда Баукеңді  Сыр, Ақ Жайық, Семей өңірінің адамдары ерекше құрметтейтін тәрізді.  Бұл қалай? Бұл Исатай-Махамбет, Абай, Шәкәрім тағылымы дәстүрінің үзілмей  жалғасып келе жатқанының әсері ме? – деген маған Ерлан күлімдей қарап:

– Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап бергендейсіз. Баукең  қаншалықтықаһарланса да, ар жағында сабақ болатын тағылым, ой жататынын, жұрттың санасын сілкіп, шаңнан тазартқысы келетінін,  сөзінің мәнін түсінбей, үстірт қараған адамға дөрекі, тәйтік көрінетінін, ол кісінің көңіл-күйі  жағдайға, адамдар ниетіне  байланысты екенін әкем талдап, түсіндіргенде мен өзімді бірнеше жылға есейіп кеткендей сезіндім, – деп аяқтады сөзін.

Мамытбек ҚалдыбаЙ, жазушы.

Қаралды 501 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Қорам батыр
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама