Бейсенбі, 18 Мамыр 2017 12:36

«Халық нағыз өнерді аңсайды»

Қазақ халқы ертеден

мәде-ниет пен салт-дәстүрге баса мән беріп, оның сақталуына қатты көңіл бөлген. Себебі, мәдениет – ұлттың 

бет-бейнесі. Бұл турасында жазушы Мұхтар Әуезов: «...ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын қазығы болып отыр» – деп, мәдениеттің ұлт өміріндегі орнын айшықтап кеткен. ОсЫ күнде сол алтын қазықты ел арасында

насихаттап,

дамуына үлес қосып жүрген жандар аз емес. Сондай жанның бірі –Қырбалтабай мәдениет үйінің директоры Айғаныш Стамбекова.

 

– Айғаныш Сатқынбайқызы, өнер жолы оңай емес. Қызығы мен қиыншылығы мол бұл салаға қалай келдіңіз?

– Оныңыз рас, өнер, мәдениет – қазақ халқы үшін құдіретті саналған. Сол құдіретке өзім бала күнімнен қатты қызықтым. Халқымыздың жыр-дастан, қиссаларын, термелері мен дәстүрлі әндеріне сусындаған мен кішкентайымнан домбыраға бейім болдым. Өз бетімше қасиетті аспапты үйрендім. Жиын-тойларда ән салып, көптің алдында бой көрсете бастадым. Осылайша, құдіретті өнер саласына аяқ бас-тым.

– Өзіңіз басшылық етіп отырған өнер ордасы жайында айтып өтсеңіз.

– Қырбалтабай мәдениет үйі 2006 жылы ашылды. Бұған дейін 20 жыл бойы қаңырап бос тұрған ғимаратты іске қосуға Наурыз-бай Таубаев есімді қайырымды жан қолұшын созып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Аудан әкімінің мәдениет саласына деген қамқорлығының арқасында мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары 2013 жылы жасалды.

– Мемлекет сіздерге жағдай жасап беріпті. Енді осы өнер ордасы ауыл тұрғындарының, әсіресе, жастар қауымының сүйікті орнына айналған болар?

– Әрине, мәдениет үйі ашыл-ғалы бері мұнда түрлі шаралар өткізіліп, адамның қарасы үзілген емес. Ауылымыздың дарынды жастары би, домбыра, драма, дәстүрлі және эстрадалық ән үйірмелеріне қатысып, өздерінің таланттарын шыңдауда. Сонымен қатар, аудандық бірнеше шара осында өткізілді. Елімізге танымал эстрада жұлдыздары да жиі-жиі келіп, өнер көрсетіп тұрады.

Жүргізіп отырған жұмыстары-мыздың арқасында талай же-тістіктерге жеттік. Аудандық, об-лыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иелендік әрі өткен жылы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдық. Аружан Қойлыбай есімді қызымыз республикалық «Әнші балапан» байқауында өнер көрсетіп, ауданымыздың намысын қорғап қайтты. Шәкіртіміз Думан Аянбек Талдықорғанда өткен дәстүрлі әндер сайысында лауреат атанып келді. 

– Басқа тақырыптарға ойыссақ. Шыны керек, қазіргі уақытта концерттерге тұр-ғындар көп келе бермейді. Сіз-дің ойыңызша, халық өнерді бағаламай ма?

– Бұл ретте «Еуропа мәде-ниеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» – деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның сөзі еріксіз еске түседі. Бүгінде жастарымыз батыстың өнерін алып қана қоймай, солардың стилі арқылы мінез-құлқын бойларына сіңіруде. Сахна мәдениетін де көшіреді. Осының кесірінен, халық нағыз өнерден алыстап барады.

Бұрындары ауылымызға әнші келеді десе жұртшылық дайындалып, күтіп алатын. Ол кезде бүгінгідей фонограмма дейтін болмаған, барлығы жанды әрі әсерлі болатын. Сандық технология дамыған қазіргі уақытта екінің бірі компьютердің көмегімен әнші атанып шыға келеді. Осындай жолмен өнерде жүргендер мәдениет қайраткерлерінің халық арасындағы дәрежесін түсіріп тас-тады. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, аталған «өнер иелерінің» саны күннен-күнге артып барады.

– Жастардың арасында таланттылары да жоқ емес қой.

– Иә, халық арасында жүрген талабы бар жастарымыз да жетерлік. Алысқа бармай-ақ, Қырбалтабай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлан Қоқымба-ев жас та болса әншілікті игеріп, композиторлықпен айналысуда. Сондай-ақ, ауданымызда танымал болып жүрген Нұртас Қайратұлы да тамаша талантының арқасында көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Айта берер болсақ, осындай жастарымыз баршылық.

– Мереке қарсаңында әріп-тестеріңізге айтар тілегіңіз болса...

– Өнер мен мәдениет адамы – халықтың адамы. Сондықтан олар әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Мереке қарсаңында әріптестеріме шығармашылық табыс, шабыт ті-леймін. Отбасыларымыз аман, еліміз тыныш болсын.

– Әңгімеңізге рахмет. Мереке құтты болсын.

Сұхбаттасқан

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 227 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама