Сәрсенбі, 07 Маусым 2017 16:24

Достықты ту еткен фестиваль

Достықты ту еткен фестиваль enkaz.kz

Бірлігі бекем елдің тірлігі де түзу. Осы ретте Еңбек орта мектебінде достық фестивалі өтті. Оған Балтабай округіне қарасты қоғамдық кеңес, ардагерлер, әйелдер кеңесі мүшелері, аудандық этно-мәдени бірлестік өкілдері, ауыл жас-тары қатысты. Ұйытқы болған – «Елім-ай» қоғамдық қоры, қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі.

Фестивальде алғаш боп сөз тізгінін алған Астана қаласында өткен Ассамблеяның 25 сессияның делегаты, қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов:

– Қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Расында, қайсарлығы қара тасты үгіткен, қаһарынан қас дұшпаны үріккен, қайырымдылығы тас жүректі жібіткен қазақ елі өзгенің ала жібін аттап өтпеген, жақыным деп келгенді өзектен теппеген ел. Бұл біздің арғы тегімізден қанымызға сіңген қасиет. Соның айғағы – бүгінгі қазақ даласында 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуінде. «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген екен Білге қаған. Алыс-ты арбамай, айналамызға көз салсақ, 300 мыңға жуық тұрғыны бар ауданымыздың өзінде 54 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында берекелі күн кешуде. Мемлекет басшысы Астана қаласында Бейбітшілік және Келісім сарайында өткен Ассамблеяның 25-сессиясында осындай басты байлығымызды сақтап қалу тұрғысында кеңінен ойын білдірді. Санамыздың ісімізден озық тұруын ашық айтты. Бұл дегеніміз, Жаңғырудың негізі – тұрақтылық пен келісімде екенінің айғағы. Бүгінгі іс-шарамыздың мән-маңызы да осында: ынтымақ – ырысымыз, тұрақтылық – табан тірер тұғырымыз екенін жас буынның санасына сіңдіру, - аталмыш іс-шараның мән-маңызын айшықтап өтті. Кейіннен округ аумағында ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді нығайтуда танбай еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы аудан аумағында бірлікті насихаттауда атқарылып жатқан істер жөнінде кеңінен мәлімет берді. Фестиваль концерттік шарамен жалғасын тапты. Әр этно-мәдени бірлестік өкілдері ұлттық билерін билеп, аудан өнерпаздары әуезді әндерін орындап, көпшілікті бір серпілтті.

Қаралды 200 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама