Жұма, 21 Шілде 2017 09:27

Сарыарқа төсіндегі салтанат

Астанада сейсенбі күні «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында Алматы облысы Мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті. Арқа төріндегі ауқымды шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ қатысты. Жетісудың өнерін паш еткен шара «Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылды.
Зал облыстың өнерін тамаша-лауға келген көрерменге лық толды. Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен «Алатау әуендері» шығармашылық ұжымы астаналықтарды ерекше әсерге бөледі. «Жетісу – жұмақ мекені» деп аталған концерттің шымылдығы әйгілі сазгер Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен түрілді. Концерт М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің, республикалық байқаулардың жүлдегері, дирижер Арман Аманжолов жетекшілік еткен хор сүйемелдеуімен ашылды. Өнерпаздардың талантына астаналықтар бас иіп, қайта-қайта қошеметпен қол соқты. Аталған оркестрден бөлек, «Алтынай», «Сазген», «Адырна», «Құлансаз» секілді әйгілі ансамбльдердің өнерін Астана тұрғындары ыстық ықылас-пен қабылдады. Қара домбыра көмейінен төгілген «Махамбет» күйі залда отырғандардың рухын жанып, мерейін асқақтатты. Күй құдіретіне елтіген көрермен ерлікке толы тарихқа қайта оралғандай әсер алды. Ұлжан Айнақұлова мен Бейбіт Мұсаның орындауындағы «Той бастар» әні думан көрігін жандандыра түсті.
«Өнерде шекара жоқ» деген рас-ау. Халықаралық бай-қаулардың жеңімпазы Жомарт Тәкебаев, Асхат Мәдиев, Тілек Нағымбаев итальяндық әндерді шырқай жөнелгенде зал тағы да сілтідей тынды. «О, Соломио», «Ғашықсарбаз», «Герцогтың әні» секілді әлемге танымал туын-дыларды жетісулық өнерпаздар нақышына келтіре шырқады. Кеште «Талдықорған әуендері», «Шапағат» шығармашы-лық ұжымдары және Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер «Солай» әнін орындады. Көрермен «Бахор» тобының биін де жоғары бағалады.
Концерттен кейін көрермендер өздерінің алған әсерімен бөлісіп жатты. Солардың қатарында белгілі қазақ спортшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың анасы Рысжан апай да бар. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, үлкен әсерге бөлен-генін тілге тиек етті. Ал Астана қаласының тұрғыны Сәуле Омарова мұндай кештің есінде мәңгі сақталатынын жеткізді. Сәуле жетісулық жерлестері мен осындай мерекеде жолыққанын жақсы ырымға балап, барлық облыс тұрғындарына татулық, тыныштық және зор денсаулық тіледі.
Салтанатты шараға 400-ге жуық өнер адамдары атсалысуда. Жетісу өлкесінің тұрғындары Есілдің ерке қаласында қызықты көрмелер, қойылымдар, спорттық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар ұйым-дастыру үстінде. Райымбек пен Қабанбай батырдың, Балпық би мен Қабылисаның, Сүйінбай мен Жамбылдың, Мұқағали мен Тұманбайдың кіндік қаны тамған өлке өнерпаздары Сарыарқа даласын төрт күн бойы ән мен жырдың бесігінде тербетті.
Баспасөз құралдарынан.

Суретте: ауданымыздың өнерлі азаматтарының бірі Құрманғазы Қадыров қолөнер туындысымен Алматы облысының әкімі А.Баталовты таныстырды.

Қаралды 76 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама