Бейсенбі, 23 Маусым 2016 11:56

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан САҒЫНТАЕВ: «Ешкімнің пікірі ескерусіз қалмайды»

Осыған дейін Көкше жерінде болған Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия Алматы облысына табан тіреді. Талғар ауданына қарасты Арқабай ауылында орналасқан «Байсерке-Агро» агрохолдингі базасында Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті көшпелі отырысы өтті. Оның жұмысына комиссия мүшелерімен қатар, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, облыс тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты. Селекторлық түрде өткен басқосуды аудандар мен қалалар видеобайланыс арқылы бақылап отырды. Жиынды комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев жүргізді.

 

Алғашқы болып сөз алған ҚР ауылшаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев шекара маңындағы жерлер жайлы тұрғындар алаңдаушылығына жауап берді:

– Бұл жерде шетелдіктерге келер болсақ, оларға нақты шарттар қойылған. Атап айт-қанда, ауылшаруашылығы жер-лерін жеке меншікке беруге тыйым салынған. Шекара маңынан да жер жалға берілмейді. Нотариаттар арқылы ауылшаруа-шылығы жерлерін жеке меншікке рәсімдеуге тыйым салынған. Егер, жер тиімді пайдаланылмаған жағдайда Жер кодексінің 92, 93, 94-баптарына сәйкес, жалға берілген жерлер мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады – деді вице-министр. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров өңірдегі ауылшаруашылық жері 8,6 млн гектар екендігін айтып, аталған сала бойынша статистикалық мәліметтер келтірді. Кейіннен, Бақытжан Әбдірұлы жиынға қатысушыларға ретімен сөз кезегін беріп, әрқайсысының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт инвестиция тарту мәселесін көтерді:

– Өзіміз отырған «Байсерке-Агро» агрохолдингі бүгінде қаржы мен инвестицияның арқасында гүлденіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып отыр. Сол секілді, жерді игеруге беріп, оған инвесторлар тарту керек – деген ойын жеткізді. Осылайша, өз ұсыныстарын білдірген алпыстан астам азаматтар екіге бөлінді. Бірі, жерді шетелдіктерге жалға берейік десе, енді бірі өз азаматтарымыз игерсін деген пікір білдірді. Толығырақ айтар болсақ, жерді шетел азаматтарына беруді қолдағандар тек Жер кодексіне емес, басқа да заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынды. Айталық, «Жерді шетелдіктерге бермей, бетіне қарап отырамыз ба?» дегендер шетел азаматтары елімізге көшіп келуі тиіс, азаматтық алу үшін міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі керек деген сияқты ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, егер жерімізді шетелдіктер игерсе, біз олардан көп нәрсе үйренеміз. Ауылшаруашылығының жаңа технологияларын алғызып, бірлесе отырып инновациялық жүйеде жер игеруді іске асырамыз дейді. Ал, бұған кереғар ойын жеткізгендер сол шетел азаматтары істеген жұмыстарды, өзіміздің тұрғындар да атқара алады. Қазақ халқы ауылшаруашылығынан алыс халық еместігін айтып, қазақстандықтарға жерді жалға немесе жеке меншікке берер болса ауылшаруашылығының дамитынын алға тартты. Ал кейбір шаруалар жерді игеру үшін мүлдем басқа бағытта жұмыс жасау керектігін айтты.

– Бос жатқан жерлерді азайту үшін оларды таратып беру жеткіліксіз. Өйткені, қарапайым халықтың оны игеруі екіталай. Сондықтан, үкімет тарапынан берілетін көмектің көлемін арттыру керек. Айталық, мемлекеттік субсидиялардың басым бөлігін ірі агроөнеркәсіптер алады. Ал ұсақ шаруалар жер сипап қалады. Осы мәселені шешуге тиіспіз. Сонымен қатар, егіншілікте жұмыс жасайтын техникалардың жанармайын арзандатуды қолға алу керек – дейді бірауыздан қожалық басшылары. Еңбек ардагері Елеусіз Сұлтанғазиевтің де айтар ойы осыған саяды. Барша шаруаларға еңбек ету үшін толыққанды жағдай жасау керектігін айтқан ол егіншіліктің өткені мен бүгініне тоқталды. Сондай-ақ, жер суаратын арық мәселесі мен инвестицияның маңызы жөнінде:

– Өткен ғасырда салынған арық жүйелері бүгінде жеке меншікке өтіп, азаматтар ойларына келгенін жасап жатыр. Мыңдаған шақырымға созылған арық жүйелерінен бүгінде түк те қалмады. Алдымен, осыларды мемлекет меншігіне қайтарып, қалыпқа келтіру керек. Инвес-тиция тарту да бүгінде өзекті болып тұр. Экономикасы дамудың жолында тұрған Қазақстан үшін бұл ауадай қажет – деп қорытындылады. Алайда, кезекті комиссия отырысына батыс өңірден арнайы келген Жәнібек Қожықтың айтары мүлдем басқа. Сөзіне сенсек, жерді шетелдіктерге бермей, инвестициясыз-ақ күн көруге болады. Еңбекшіқазақ аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тілеулес Ұзақов та өз ұсынысын жазбаша түрде жеткізді: «Бүгінгі талқыланып отырған сұрақ біздің аграрлық облысымыз үшін өте маңызды мәселе. Бұдан басқа, көрші алып елмен де шекараласпыз.

Біріншіден, шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімі 10 жылдан аспауы керек. Ал жер пайдаланушы ол жердің құнарлығын төмендетпей өнімділігін арттырып отырса жалға беру мерзімін ұзартып отыру қарастырылсын. Екіншіден, біздің ауылшаруашылық саласында кәсіпкерлікпен айналысатын шаруа қожалықтарына, фермерлерге жалға немесе жекешелікке сатып алған жерге негізгі нысаналық бағытына нұқсан келтірілмейтін құрылымдар салуға рұқсат берілуін құптаймын. Ол ауылшаруашылығын дамытып өнім сапасын көтеруге үлкен сеп болары анық. Үшіншіден, жер пайдаланушылардың бұрыннан жалға алған ауылшаруашылық бағыттағы жерлерін жалға алу мерзімі аяқталмай тұрып 50 пайыздық жеңілдікпен 10 жылға дейін бөліп төлеу әдісімен сатып алу туралы өзгеріс енгізілсе өте құптарлық іс деп есептеймін». Даулы мәселені бұдан әрі созудың жөні жоқ деген «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай жерді шетелдіктерге жалға да бермеуді ұсынды. «Оның орнына, ауылшаруашылығын дамытудың  жолдарын қарастырып, осы мәселеге басымызды қатырайық» – деп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтты. Қатысушылардың пікірлері тыңдалып болған соң Бақытжан Әбдірұлы онлайн режимде жиынға қатысып отырған облыс аудандары мен қалаларына сөз берді. Басқосу соңында комиссия мүшелері тақырыпты талқылады. С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық Университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев еліміздегі аграрлық саланың дамуы жолында қызмет ететін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын жер мәселесімен байланыстырды. Ректордың айтуынша, біз бағдарламаларды дамыту және оны орындау арқылы жер игерушілерге көмек көрсетіп, олардың санын арттыра аламыз. Сонымен қатар, өз сөзін тіл мәселесін көтерумен бастаған саясаткер Дос Көшім шетелден инвестор тарту мен жерді шетелдіктерге жалға берудің аражігін ажыратып, көпшілікке түсіндіріп берді. Сондай-ақ, бұл жердің жалғыз иесі – қазақ халқы екендігін айтып, жерді 49 жылға жалға беруді қайта жалғастыру керек деген ұсынысын жеткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев жайылымдық жерлерді шаруалардың еншісіне беру керек деген пікірін айтты. Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев та өз әріптесінің сөзіне қосылды:

– Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдарда осы күнге дейін ешкі бағатын жер іздесең де таппайсың. Себебі, бізде жайылымдарды реттейтін заң жоқ. 188 млн гектар жайылымдық жеріміз бар. Алайда, заңмен реттелмеген. Көршілес Қырғызстанның 10 млн ғана жайылымы бар, бірақ, барлығы  бір жүйеге келтірілген. Қазіргі уақытта Парламентте жайылымдық туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Осыған қатысты пікірлеріңізді Парламентке немесе менің атыма тікелей жіберулеріңізге болады – деп жайылымдық жердің жүйеге келетіндігін тілге тиек етті. Жайылым турасында экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да өз ойын ашып айтты:

– Елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлер жеке меншікке берілмеуі тиіс. Өйткені, ауылдағылардың барлығы малын жаю барысында келеңсіздіктер туындайды. Жайылым мемлекет қарамағында болуы тиіс. Малын жаятындар мен сол жерден өз жайлауына баратындардың еркін өтуіне мүмкіндік болады. Бүгінде сондай жерлерді сатып немесе жалға алып, қоршау орнатып тастағандар бар. Соның кесірінен қаншама шаруалар жайлауға шыға алмай отыр – деп кесіп айтты. Оған қоса, жерді жалға бермеуді ұсынды. «Болашақ жасар» республикалық жастар газетінің редакторы Дәурен Бабамұратұлы жерді мемлекеттен арзан бағаға сатып алып, қарапайым халыққа миллиондаған қаржыға сататындардың әрекетіне заңмен тосқауыл болу керектігін ескертті. Сондай-ақ, өзен жағасындағы жерлер, жайлауға шығатын жолдар мен жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне алуды ұсынды. Еуропа ғылым академиясының академигі Әкім Жанұзақ бұл мәселені сағызша созбай 1 шілдеге дейін нүктесін қойып, Парламентке жіберуді қолдайтынын айтты. Комиссия мүшелері талқылауды аяқтаған соң төраға Бақытжан Сағынтаев:

– 5 сағаттан астам уақыт отырып, 73 адам сөз сөйледі.Біз Астанада 7 сағат отырыс өткізгенде де осыншама азамат пікір білдірген жоқ. Әрбір отырыс сайын жұртшылықтың белсенділігі артып, ашылып келе жатыр. Байқасаңыздар, мұнда тек жер емес түрлі тақырыптағы мәселелер көтеріліп жатыр. Халық кез-келген мәселеде өздерінің алаңдаушылығын білдіруде. Осында айтқан өтініш-тілектеріңіз жерде қалмайды. Біз барлықтарыңыздың пікірлеріңізді ескере отырып, заң жобасын әзірлейміз – дей келе осы отырыста өзінің соңғы рет төрағалық етіп отырғандығын айтты. Комиссияның келесі отырысына Премьер-Министрдің орынбасары, ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық ететін болады. Жиын соңында Асқар Исабекұлы сөз алып, комиссия отырысының өткізілу тәртібіне  байланысты өз ойын ортаға салды:

– Комиссия жанынан құрылған 4 жұмыс тобы бар. Сол топтар өз жұмыстарын ширатыңқырап жүргізсе жақсы болар еді. Топтар комиссия отырысы барысында жиналып, қордаланған мәселелерді жүйелеп, талдап, ұсынып отырса, оларды ел болып талқылау оңай болар еді – деді. Сонымен қатар, отырысты әр аптаның сенбі күндері емес, екі аптада бір рет өткізу туралы ұсынысын жеткізді. Келген қонақтар мен комиссия мүшелеріне алғыс айтқан облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі ауылшаруашылық саласының ілгері басқан қадамдарына да тоқталды:

– Алматы облысы еліміздегі ең ірі агро-кәсіпкерлік өлке. Өнімнің 16 пайыз-дан астамы осы өңірден шығады. Өткен жылы біз 22 мың жұмыс орнын ашып, ауылшаруашылық саласынан 490 млрд теңгенің өнімін өндірдік. Облыстың мүмкіндігі бұдан да зор. Тек, еңбек керек – деді облыс басшысы.

Алматы облысы бойынша өткен комиссия отырысына 300-ге жуық адам қатысып, үштен бірі өз пікірлерін ортаға салды. Осылайша, Жетісу жұртшылығы ата-бабаларымыз найзаның ұшымен білектің күшімен сақтап қалған ұлан-ғайыр қазақ жерінің мәселесі ұрпақтар үшін маңызды екенін көрсете білді. 

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 2059 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама