Бейсенбі, 29 Маусым 2017 20:07

Тәртіп сақшылары құрметтелді

Тәртіп сақшылары құрметтелді enkaz.kz

     Ел тыныштығын сақтау жолында қиын да қауіпті мамандықты меңгерген, қоғамдық тәртіптің қырағы сақшылары – полицейлердің еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық. Ауданымыз Қазақстан Респуб-ликасы полиция күніне 25 жыл толған айтулы мерекені сән-салтанатымен атап өтті жуырда.

    Салтанатты жиын басында Гимн ойналған соң, қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды. Алғашқы сөзді алған аудандық ІІБ басшысы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады:

   – Ауданымызда құқық қорғау саласының тарихында қайсарлық пен табандылықтың, кәсібиліктің үлгілері аз емес. Осы сәтте ішкі істер органдары ардагерлеріне шексіз алғыс білдіреміз. Өткен 25 жыл ішінде біздің тәуелсіз мемлекетіміздің аудандық ішкі басқармасы қалыптасу кезеңінен өтті. Бүгінде моральдық және материалдық тұрғыда нығая түсті. Ауданымыздағы 400-ге жуық полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтауға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға лайықты үлестерін қосып келеді – дей келе әріптестеріне қабылдаған антына адал болып, үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметтерін абыроймен атқаруды тіледі.

   Құттықтау сөз алған аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов:

   – Өздеріңізге белгілі, кез келген мемлекеттің дамып, өсіп-өркендеуі ішкі тұрақтылықтың, заңдылықтың бұлжымай сақталуына байланысты. Заң талаптары мен әділдік үстемдік құрған қоғамда ғана ілгері даму болады. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген, талас тудырмайтын ақиқат. Елбасымыз «Адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс» – деп атап көрсеткен. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі басты назарда. Мұны «Қылмыс түзелмей, тұрмыс түзелмейді» деп дана халқымыз бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген.

    Ауданымызда тәжірибесі мол, қызметтерін абыроймен атқарған ардагерлердің еңбегі, кейінгі толқын інілерге үлгі болары сөзсіз. Ол кісілерді де кәсіби мерекесімен құттықтаймыз – деп полицейлерге ақ тілегін ақтарған Нұржан Кеңесұлы, аудандық ІІБ бірқатар қызметкерлеріне аудан әкімі атынан Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, мерейлі шарада Алматы облысы Ішкі істер органының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Бүйенбаев, аудандық ішкі істер басқармасы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуғазы Жақыпов, 6654 әскери бөлім командирінің орынбасары Айдын Ахметов, Есік қаласының әкімі Бауыржан Бименов, аудандық дәрігер-нарколог Темірхан Жарылқағанов полиция қызметкерлеріне ақжарма тілектерін ақтарып, сый-сияпат көрсетті.

   Әрбір адам үшін бақытты сәттің бірі еңбегіңнің еленгені, елдің алғысына бөленгені. Сондай әсерлі сәттер сахнадан көрініс тапты. Полиция қызметкерлеріне шен табыстау, зейнетке шыққан қызметкерлерді шығарып салу, жеке құрамды марапаттау рәсімдері өтті. Арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.

   Кеш соңында мәдениет қызметкерлері мен ЕГЭК студенттерінің полиция күніне арналған мерекелік концерті тамашаланды.

 

Ринат НАРХАНОВ

Қаралды 144 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама