Дүйсенбі, 11 Қыркүйек 2017 12:12

Қуаныш даусы қыр асты, тойымыз тойға ұласты

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады... Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер». Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы турасында айтқан ойлары. «Ер – ел үшін туады» деген нақыл бекер айтылмаса керек. Облысымызда алғашқы болып Елбасының «Туған жер» бағдарламасын іске асырған Сабировтар отбасы Ащыбұлақ ауылындағы саябақтың құрылысын аяқтады. Игі шараға арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов Қазақстан ауылындағы әкімдік ғимаратының құрылысымен танысып, Есік қаласындағы 600 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Өңір басшысы Амандық Баталов, орынбасары Жақсылық Омар, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, «Amal-Bio» компаниясының директоры Динара Рүстембаева бастаған құрметті қонақтар алдымен саябаққа ағаш көшетін отырғызып, ауыл балаларына сый-сияпаттарын үлестірді. Кейіннен, көпшілік алдында сөз сөйлеген Амандық Ғаббасұлы Ащыбұлақ ауылының тұрғындарын қуанышымен құттықтады:

– Елбасы бастамасының арқасында бүгінде елімізде қаншама жақсылықтар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – өзіміз бас қосып отырған осы саябақ. Осы демалыс орны жаны жомарт азаматтарымыз Асқар Сабиров пен Динара Рүстембаеваның арқасында бой көтерді. Алғашында Асқар Сабиров маған ауылдың жолдарын жөндеп, электр желілерін жаңартуға үлесімді қоссам деген ұсынысымен келген болатын. Алайда, аталған жұмыстар бюджеттің есебінен іске асырылатындығын айтып, оның орнына ауылға жастар алаңын, саябақ салуды ұсындым. Аз ғана уақыттың ішінде, міне, нағыз патриоттың жасаған еңбегінің жемісін көріп отырмыз.

Сондай-ақ, Сабировтар отбасы кәсіпкерлік пен бау-бақшаның дамуына зор үлесін қосуда. Осыдан үш жыл бұрын мұнда 48 гектар жерде бақ болса, қазіргі таңда 150 гектардан асып-жығылады. Алдағы уақытта алманы өңдейтін зауыттарды іске қосуды жоспарлап отыр. Яғни, сіздер үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Облысымыздың экономикасы артады – деп, облыс халқының атынан Сабировтар отбасына алғысын жеткізіп, жұртшылықты қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру негізінде «Туған жер» бағдарламасы аясында Ащыбұлақ ауылындағы саябақты қалпына келтіргені үшін Сабировтар отбасына Алғыс хат табыстады.

– Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын дәл осы жерде саябақты қалпына келтіру жұмыстарын бастаған болатынбыз. Енді, міне, демалыс орны баршаңызға есігін айқара ашты. Біз жастарға жағдай жасадық. Ендігі кезекте, осы жерде ойнап, спортпен шұғылданып, концерттік шараларды өткізу – сіздердің міндеттеріңіз. Алдағы уақытта Қазақстан, Ж.Қайыпов ауылдарында да осындай демалыс орындарын жасақтауды жоспарлап отырмыз – деп сүйінші хабарын жеткізген Динара Рүстембаева ауылдың спортшы жастарына арнайы сыйлықтарын тапсырды. Ауыл ақсақалы Едіге Сапаев ақ батасын беріп, ақ тілегін жеткізді. Шара соңында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Айта кетейік, аумағы 1 гектар болатын саябақты қалпына келтіруге 30 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұнда шағын футбол алаңы және дене шынықтыру алаңдары орналасқан. Оған қоса, ауыл бүлдіршіндеріне де жағдай жасалған. Балаларға арналған екі бірдей алаң бар. Сахна мен көрермендерге арналған орындар да назардан тыс қалмаған. Гүлзар мен сәнді ағаштар отырғызылған бақ ішінде 16 орындық қойылған. Осындай жақсылықты жүзеге асырған Сабировтарға ризашылығын білдірген облыс әкімі Қазақстан ауылында салынып жатқан әкімдік ғимаратына ат басын бұрды. Жалпы құны 88 млн 200 мың теңге болатын нысанның құрылысын «Аль-таир» ӨК жүргізуде. Аумағы 360 шаршы метрді құрайтын ғимараттың құрылысы 90 пайызға аяқталған. Енді тек, ақтап-сырлау жұмыстары ғана қалған. Құрылыс барысымен таныстырған өндірістік кооператив басшысы Сейітхан Қырқынбаевтың айтуынша, барлығы кесте бойынша жүзеге асырылуда. Нысан құрылысы  уақытында аяқталады.

Қазақстан ауылдық округіндегі жақсылықтарға куә болған Амандық Баталов аудан орталығының төменгі жағында орналасқан саяжай маңындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты. Көптен күткен оқу ордасына қол жеткізген тұрғындарды, ұстаздар мен оқушыларды құттықтаған Амандық Ғаббасұлыі:

– Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтеріп отырған мына мектеп – бүлдіршіндеріміз үшін. Солардың сапалы, заман талабына сай білім алып, еліміздің өркендеуі жолында тер төгуі үшін – деп облыстағы білім саласына тоқталып өтті:

– Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 82 жоба іске асырылып, оған 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мұндай қаржы республика бойынша Алматы облысына ғана бөлінген. Соның арқасында өңірімізде 45 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде, бүгін 24 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. 12 нысан жыл соңына дейін іске қосылады. Облысымызда биыл 49 мың бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Бұл дегеніміз бір қаланың тұрғындары бірінші сыныпқа барады деген сөз. Ал осы балаларға жағдай жасау – біздің міндетіміз – деді. Сонымен қатар, еліміздің даму қарқынын шетелдермен салыстырған Амандық Ғаббасұлы Ресейдегі білім саласын сөз етті. Айтуынша, 1 жылда Ресей Федера-циясында 70-тен астам мектеп салынады. Ал тек Алматы облысының өзінде осы жылы 45 мектептің құрылысы басталды. Яғни, осы қарқынмен таяу арада апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін жоятын боламыз. Келесі болып сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданымыздың құрметті азаматы Солтанбай Жарықбасов ақ батасын берді. Ғимарат ішін аралаған құрметті қонақтар құрылыс сапасына оң бағасын берді. Құны 1,4 млрд теңге болатын мектепті «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС салған. Екі қабатты ғимаратта мультимедиялық-лингафондық, биология, физика, химия, информатика кабинеттері заман талабына сай жасақталған. Мектеп директоры Бибігүл Букаеваның айтуынша, қазіргі уақытта 80-нен астам ұстаз өз жұмыстарын бастап та кеткен.

Жүздері бал-бұл жанған балалар өнерлерін көрсетіп, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер өздерінің жаңа мектебінің алғашқы қоңырауын соқты. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Осыған дейін Есік қаласындағы және Бөлек ауылындағы мектептерге қатынап оқыған саяжайлық оқушылар мен олардың ата-аналарының қуанышында шек жоқ. Мемлекет бізге жағдай жасады, енді біз елімізді өркендету үшін сабағымызды жақсы оқып, білікті маман атанамыз дейді оқушылар.      

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Қаралды 61 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама