Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:24

Жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұру қажет

 

Жақында аудан әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. «Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, оның ішінде жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында өткен жиында жоғарыда аталған басқарма басшысы Мұрат Тоғызбаев, Еңбекшіқазақ ауданының жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейбіт Искаковтар сөз сөйледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған бесінші басымдық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған Мұрат Тоғызбаев қоғамда «Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыруды басты назарға алып отырғандарын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты көзқарас біршама өзгерген.

- Бұрынғы кездерде Есік-Алматы жолында жол полициясы қызметкерлері көліктерді 5-6 рет себепсіз тоқтататын. Әрине, бұл жемқорлық фактілерінің орын алуына алып келетін. Қазіргі уақытта ондайға жол берілмейтін болды. Қызметтік көліктер бұрынғыдай мейрамханалардың алдында тұрмайды. Мемлекеттік немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тәртіпті бұзып, ішімдік ішіп жүру фактілері де азайды. Бұл - халықтың белсенділігінің арқасы. Біздің мақсатымыз - сыбайлас жемқорлықты қоғам қабылдамайтын деңгейге жеткізу. Департамент құзіретті орган болғанымен, азаматтардың көмегінсіз біздің жұмысымыз нәтижелі бола алмайды. Пара алушы да, беруші де заң бұзар алдында «ертең ел не дейді?» деп ойлайтын болса, сыбайлас жемқорлық өз-өзінен азаяр еді, - деп атап өтті Мұрат Тоғызбаев.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында Алматы облысында жүзеге асырылған «Азаматтық бақылау» жобасы, білім саласындағы жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту мақсатындағы «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік аттестаттау, «Болашаққа балта шапқандар» әлеуметтік ролигі туралы әңгіме өрбіді. Бұрындары көбіне мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеп келген Департамент ендігі кезекте ашықтық принципіне бет бұрып, қоғамдық ұйымдармен, азаматтармен тікелей жұмыс жасауға көшіп отыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің парақшалары барлық әлеуеметтік желілерде жұмыс істейтінін, азаматтардың көбіне желі арқылы шағым жазатынын айтқан Мұрат Тоғызбаев 1424 call орталығы арқылы да жемқорлық фактілері туралы ақпарат беруге, құқықтық көмек алуға болатынын атап өтті.

Дөңгелек үстелде аудан әкімдігінің қызметшілері, ауыл әкімдері т.б. жиынға қатысушы азаматтар сауалдар қойып, өз ойларын ортаға салды.

 

Нұрбану КАМАЛ.


Қаралды 84 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама