Бейсенбі, 20 Қазан 2016 10:36

Жастарға қамқорлық – жарқын болашақ бастауы

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін – деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, бүгінгі жастар – жарқын болашаққа апаратын алтын көпір. Сол көпірдің тұғыры бекем болуы жастардың өз қолында. Елбасы Н.Ә.Назарбаев та жыл сайынғы Жолдауларында жастар мәселесін ұмыт қалдырмай, мемлекет тарапынан оларға деген қамқорлықты ұлғайта түсті. Осы орайда жақында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын насихаттау, талқылау мақсатында облыстық ақапараттық-насихат тобы мен аудан жастары арасында отырыс өтті. Жиынға облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Рүстем Қанапиянов, облыстық дін істері басқармасы дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының қызметкері Ерлан Матай және аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты, аудандық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Айбек Ілебай қатысты.

 

Аудандағы мемлекеттік және бюджеттік салада қызмет атқарып жүрген жастардың басын қосқан шарада Елбасының Жолдауы талқыланып қана қоймай, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар толыққанды түсіндірілді. Сөз алған Рүстем Қанапиянов Жолдаудағы жастар мәселесі көтерілген тұсты талқылай келе жақында ғана облыс орталығында ашылған Жастарға қызмет көрсету орталығын сөз етті:

– Мұндай орталық басқа өңірлерді былай қойғанда Алматы мен Астана қалаларында әлі салынған жоқ. Бұл облыс жастарына беріліп отырған зор мүмкіндік. Мұнда облыс жастарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береді. Заңдық, психологиялық, медициналық қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар, ғимаратта кафе, кинотеатр, фитнес залы, пікір-сайыс бөлмелері орналасқан. Бұны сіздерге неге айтып жатырмын? Себебі, болашақта әрбір аудандарға осындай жастарға қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Шыны керек, бүгінгі таңда еліміздегі кейбір аудандарда әрбір округтегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы былай тұрсын, тіпті, ауданда жастар ресурстық орталығы құрылмаған. Ал біздің облысымызда өздеріңізге барлық жағдай жасалған. Мұның барлығы Елбасының, облыс басшысының бізге көрсеткен қамқорлығы, артқан сенімі – деп жиылған көпшілікті ел үмітін ақтауға шақырды. Сондай-ақ, Рүстем Жанболатұлы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтып, жұртшылыққа осы арқылы білім алып, еңбек етуге кеңес берді.

Қазіргі уақытта жастар арасында діни адасушылық көптеп орын алып жатқандығы жасырын емес. Ата-анасының сөзіне құлақ аспай, жат ағымның жетігінде кеткендер қаншама. Осы бағытта ой өрбіткен Ерлан Матай ел болашағының жарқын болуын қаласақ, хақ дінімізден адаспау керектігін айтты:

– Бүгінде қаншама жастарымыз ештеңенің мәнін ұқпастан шала білімділердің соңынан кетті. Әсіресе, жұмыссыз сенделіп жүрген азаматтарымыз азғындарға алданып, адасудың жолында жүр. Мұның барлығы діни сауаттың таяздығынан орын алуда. Жастарымыздың басым көпшілігі діни тұрғыдағы қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайды. Қара мен ақты ажырату үшін, алдымен біз ақтың қандай болатынын білуіміз тиіс. Сол секілді, хақ дінімізді теріс ағымдардан ажырата алуымыз маңызды. Бұл дегеніміз, діни сауат аламын деп интернетке немесе кез-келген намазханға жолығу емес. Өзіміздің көкейімізді мазалап жүрген сауалдарды діни мамандарға немесе мешіттегі имамға қойып, солармен ой бөлісуіміз керек.

Жасыратыны жоқ, қазір намазхан адамды көрсек үрке қарайтын күнге жеттік. Асылында, дін – жақсылық пен мейірімділікке, адалдық пен тазалыққа үгіттейді. Ал жоғарыда айтқан ағымдардың салдарынан хақ дінімізге күйе жағылуда. Экстремистердің көксегені де сол. Діни алауыздық туғызу арқылы мұсылмандардың берекесін алып, өзара соғыстыру. Біз бұған жол бермеуіміз керек – деді. Расында, дін маманының айтқан сөздері жастарға ой салды. Намаз оқымасақ та, барлығымыз діни  сауатты болуға міндетті екендігімізді ұқтырды. Сонда ғана, арам пиғылды жат ағымдардан қорғана аламыз.

Жиын барасында жастарға қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Ажар Насанбекова мен Мөлдір Ерланқызы жастарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары және білім беру жинақтау салымдары мен білім беру кредиттері, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша толық ақпараттар беріп, бағдарламалардың мақсатын түсіндіріп өтті. Және де шарттары мен қоятын талаптарын таныстырып, керекті құжаттар тізімін айтып өтті. Жиылған көпшілік сала мамандарына көкейкесті сұрақтарын қойып, мемлекеттік бағдарламалар турасында кеңес алды.

Айта кетейік, ақпараттық-насихат тобы аудан аумағында үшке бөлініп кездесу ұйымдастырды. Ауылдық жерлерде   жастар саясатын жүзеге асыру және ауыл жастарын қажетті ақпараттармен таныстыру мақсатында топ мүшелері Қырбалтабай ауылдық мәдениет үйінде ауыл жастарымен жиналыс өткізді. Сондай-ақ, қалған топ мүшелері Бәйтерек ауылындағы орталық базарда жұмыссыз,  кәсіпкер жастармен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарына құлақ асты.

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 584 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Жастарымыз дұрыс жолда Дарын иесі Дидар »
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама